БАБАЛАР СӨЗІ: Қалқаман станциясының атауы туралы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Ертеде Қалқаман деген жігіт болыпты. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, әр туысқанының үйінде жүріп ер жетті. Жастайынан көргені жетімдік, жоқшылық болғандықтан ба, Қалқаман өз қатарынан әлдеқайда ересек көрінетін. Ол ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей өте сымбатты еді.

Осы ауылда Ақан, Жақан деген екі ағайынды жігіт болды. Мінездері ұр да жық, содыр болатын. Олардың аттарын естігенде, бесіктегі бала да жылауын қоятын. Солардың Ақжібек деген қарындасы болған. Өте сымбатты, сұлу еді. Ақжібекке қанша ынтазар болса да жігіттер ағаларынан қорқып батпайтын. Қалқаман да Ақжібекке ғашық болса да, бір жағынан, ағаларынан қорықса, екінші жағынан, қызды алып қашқанда паналайтын ешкімі жоғын ойлап, іштен тынып қоятын.

Бір күні таңертең ауыл іші у-шу болып жатыр. Қалқаман Ақжібекті алып қашыпты, енді сорлының күні не болар екен. Ана содыр екі ағайынды Қалқаманды өлтіреміз деп, алақандарына түкіріп отырған көрінеді. Үшінші күн өтті. Қалқаман мен Ақжібектен ешқандай хабар жоқ. Құтты бір жер астына түсіп кеткендей. Арада бір апта өткенде ағалары: «Қалқаманға қояр шартымыз бар. Соны орындаса, бәрін де кешеміз. Орындай алмаса, өз обалы өзіне», - деп ағайындарға хабар салады. Ол шарты не екенін ешкім білмесе де, көнбеске амал қалмайды. Сонда Ақжібектің ағалары: «Қалқаман алдымнан шауып өтсін, мен оны атамын, егер аман құтылса, сөзім - сөз. Егер құтыла алмаса, маған ешкімнің өкпесі жоқ», - дейді. Қыздың ағалары құралайды көзге атқан мерген екенін білетін ауыл адамдары қатты сасады.

Көрші ауылда Қалқаманның Қаражігіт деген досы болатын. Ол да Қалқаман сияқты тақыр кедей еді. Бар байлығы - құмай тазысы мен бәйге аты болатын. Бұл хабарды естіген Қаражігіт ауылға келіп, ағайындардан Қалқаманмен кездестіруін сұрайды.

Қалқаманға Қаражігіт: «Тумасақ та туғандай едік, басыңа ауыр күн туғанда үйде жата алмадым. Өзің де білесің, Ақан мен Жақан құралайды көзге ататын мергендер. Олардың оғынан құтылу мүмкін емес. Бар үмітім астымдағы атымда. Талай жүйрікті шаң қаптырып еді. Олардың оғынан бір құтқарса, осы бәйге күреңім құтқарар», - дейді. Осыған пәтуаласқан Қалқаман Қаражігітті Ақжібектің ағаларына жібереді.

Белгіленген уақытта бір Аллаға ғана жалбарынып, Қалқаман Ақан мен Жақанның алдынан шауып өтеді. Осы сәтті күткен олар да оқ атып үлгереді. Бүкіл ауыл, жора-жолдас болып, тілеген тілеулер қабыл болып, Қалқаман қос мергеннің оғынан аман қалады.

Қанша сотқар болса да, берген уәделерінде тұрып, Ақан мен Жақан Қалқаман мен Ақжібекті қосып, өз алдарына отау етіп шығарады. Сол оқиға болған жазық дала қазір үлкен станция болды. Ол «Қалқаман» станциясы деп аталады.