«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Баяғыда бір бай болыпты. Оның өзге малына қарағанда ұсақ тұяқты көп екен. Ішіндегі бір қара қойды қасиетті деп, отар-отар малының берекесі деп атайды екен. Бір күні мал өрістен қайтқанда, қара қойдың жоқ екені анықталады. Әккі қойшылар байға қойдың далада қоздап қалуы мүмкін екенін жеткізеді. Байдың жігіттері кешқұрым мезгілде отар жайылған орындарды сүзіп шығуға аттанады. Шамалы уақыттың ішінде қас қарайып кетеді. Ай сәулесінің жарығымен қарайып көрінген нәрселердің қайсысына барса да, барлығы қараған болып шыға береді. Әбден шаршаған жігіттердің бірі: «Қайда барсаң қараған, бұл өзі қарағанды жер екен ғой», - деп кейіс білдіріпті. Сонан осы жердің аты «Қарағанды» аталып кетеді.