БАБАЛАР СӨЗІ: «Келінтөбе» атауының шығуы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Ілкі заманда қазақ даласына калмақ шапқан деседі. Ер аза­маттар жау қолынан өліп, ел еңсесі түседі, сол кезде ел ішінде Ақшабақ есімді келіншек бар екен. Қауым елді ақылмен ба­стайды. Қашқан ел Қаратаудан асып, Сырға жетеді. Сыр жағасындағы қалың тоғайға кіріп, қалмақ қолын адастырып кетеді. Әлгі келіншек дариядан өтіп, аз күн тынышталған елге: «Кетпен ұстауға жарайтын жұрт топырақ тасып төбе үйсін, төбе басына шыққанда дарияның арғы басы көрінетін болсын!»- дейді. Ел екі етпейді, төбені үйеді. Келіншек күнде өрмелеп төбе басына шығып қарауыл қарайды. Келе жатқан жауды күншілік жерден таниды екен. Жау төбесі көрінсе, ауылға хабар қылады да, жұрт тоғайға сіңіп құтыла берген. Осыдан кейін Ақшабақтың есімі, беделі ен далаға жайылып, халықтың оған деген құрметі үдей түседі. Осы мекенде диханшылық дәуірлеп, ел тып- тыныш мамыражай заман кешкен. Бір күндері қырағы келіншекті бүйі шағып өледі. Жұрт оны ардақтап, арулап осы төбеге көмген екен. Содан бұл төбе «Келінтөбе» аталып кетіпті.