БАБАЛАР СӨЗІ: Қос батыр жерленген жер - Абыралы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Белдеуден ат кетпеген, аттан тоқым түспеген жаугершілік заманда елі мен жерін қаһарлы дұшпаннан қорғай білген Әлі деген қазақ батыры өмір сүріпті. Батырдың атағының халыққа тарағандығы сонша, оның атын естігенде жаулары қылышын қынынан суыра алмай, безгек ұстаған адамдай қалтырап кетеді екен.

Күндердің күнінде жоңғарлар қазақ еліне басып кіреді. Жау шапқанда батыр қалай жайланып жата алады, қол жинап, Әлі атқа мінеді. Екі жақтың әскерлері бір биік таудың етегінде кезігеді. Үш күн, үш түнге созылған қырғын шайқас болады. Әбден қалжыраған жасақшылар төртінші күн дегенде жекпе-жек сайысқа кіріседі. Жоңғар әскерлерін бастап келген Әбір деген батырға Әлі қарсы шығады. Күн арқан бойы көтерілгенде басталған жекпе-жек, күн ұясына қонғанша созылады. Жекпе-жектің жалғасын ертеңге қалдырып, қостарына қайтып бара жатқан кезде қалмақтың батыры Әбір Әліні сұр жебемен атып өлтіреді. Өзегін намыс өртеген батырдың қарындасы Гауһар ерттеулі тұрған атқа міне салып, қалмақ батырын соңынан қуып жетіп, басын қылышпен шауып түсірген. Басшылары қаза тапқан екі жақтың әскерлері шайқасты кейінге қалдырып, кері қайтады. Екі батырдың сүйегін биік таудың баурайына жерлейді. Сөйтіп, сол таудың аты қос батырдың атымен Әбірәлі, кейінірек «Абыралы» болып аталып кетеді.