БАБАЛАР СӨЗІ: Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай ғасырлар тереңінен жеткен атадан қалған асыл сөздің мәйегі - «Бабалар сөзі» атты жаңа жобасын іске қосты. Жобаның негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерліктер алынды. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

***

Есет батырдың қартайған кезі екен. Сырым батыр «бата аламын» деп барса, жас әйелі үйінің қасынан қарсы алыпты. Сырым батыр амандасып, әйелден:

-Есет батыр үйде ме?-деп сұраса, жас әйел: - Жатыр ғой алжығаның, Есетті іздеп жүрген сен де бір есің кеткен неме екенсің»,-деп жауап беріпті. Бұл сөзге Сырым батыр қатты ашуланып, қылышын қынабынан суырып, әйелді шаппақшы болыпты. Осы сәтте Есет батыр сырттағы дауыстарды естіп шығыпты. Қылышын ұстап тұрған Сырым батырды тоқтатыпты. Сәлден соң: «Алысқа келген адамға алпыс пәле жабысады. Сол алпыс пәленің бірі жас әйел екен. Жұмысың менде шығар, маған кел»,-деп Есет өзіне шақырыпты.

Сырым көтерген қылышын көлеңкеде жатқан итке сілтеп, шауып тастап үйге кіріпті. Аман-сау алысып, жөн сұрасып: «Даттың баласымын»,-депті Сырым.

-Маған қандай шаруамен келдің?-депті Есет.

-Жұмысым сізден бата алу еді,-деген Сырым батыр. Батамды кез келген адамға бермеймін. Сұрағыма жауап берсең беремін,-депті Есет. Бірінші сұрағым:

-Досың көп пе, дұшпаның көп пе? Сырым:

-Досым көп деп жүрмін,-деген.

-Досың кім?-деп сұраған Есет. Сырым:

-Досым Алаштың азаматы. Дұшпаным жаман туған

туысқаным. Екінші сұрағым:

-Жігіттің неше жұрты бар? Сырым:

-Жеті жұрты бар,-деп жауап берген. Есет:

-Нағыз жұрты нешеу? Сырым:

-Үшеу,-деген. Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты.

Өз жұрты күншіл болады, нағашы жұрты тілекші болады, қайын жұрты сықақшыл болады. Абзалы: нағыз жұрты-нағашы жұрты,-депті Сырым. Сырымның осы берген жауабына риза болған Есет:

-Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады,-деген тентек шіркіннен де бір бала туған екен. Жай қолыңды,-деп батасын беріпті. Сырым атына мініп, Есетке: «Ауылыңнан дүбір кетпесін, құлағыңнан сыбыр кетпесін»,-деп, бір-екі ауыз сөз айтып, ризашылығын білдіріп өз жөніне кетіпті.