БАБАЛАР СӨЗІ: Самай атауы қайдан шыққан?
***
САМАЙ
Сүйіншіқара батырдың ауылын үш мың қолмен түркімендер шауып, батырдың екі қызы Айсалқам, Жансалқам мұңын шағып адай мен таздың балаларына мынадай өлең жазып жіберген екен:
Барсаң, сәлем айта бар сегіз арыс адайға, Екінші сәлем айтайын құнан арыс шабайға, Үшінші сәлем айтайын қара таздың ішінде Төремұрат, Өтен, Басықара, Бәкенге, Және де сәлем айтайын Хан қожасы Самайға.
Сол Самай таздың қожасы таздың Төремұрат, Өтен, Нарынбай батырлармен сөзге келіп қалып: «Қатулансам, қара таз,Қазаныңды қиратармын!» - деген екен. Соған таздың батырлары ашуланып, Самайды келер жолын аңдумен болады. Бірде аңдушыларға жалғыз кездесіп қалып, Самайды қуады. Шұбарши елді мекені жағында «Самай Қарасу» деген жер бар. Қарасуға жете бергенде Төремұрат найзамен шаншиды. Найза тиген Самай Қарасуға құлайды. Самай өте үлкен денелі кісі екен. Оның майы суға ақтарылып түседі, судың бетін май алып кетеді.
Батырлар сол судың үстімен жүз мың жылқы айдап өткізеді. Қожалар Қарасудан самайдың тек бір бармағын ғана тауып алып, бір төбеге апарып жерлейді. Басына шошақ там салады. Қорымда Самай қожаның құлаған тамы және бірнеше балбал тастар бар.