БАБАЛАР СӨЗІ: «Шайтан көпір» атауының шығуы туралы аңыз
Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Ерте заманда ел билеуші хан болған екен. Ол тек өз айтқанымен, өз білгенімен жүреді екен. Содан ол бір күні кезінде мола болған жерді жойып жібереді. Сол моланың жанында ауылды екіге бөлген көл бар екен.
Хан сол мола болған жерге ел қондырып, егін екпекші болады. Елдің молдалары, діндарлары ол жерге көшпеуін, тиіспеуін өтінеді. Бірақ хан өз айтқанынан қайтпайды. Содан ол көлге үлкен көпір салдырады. Күн батқан соң, кеш қарайып қалған кез болатын. Ол өзі салдырған көпірден өтіп, арғы бетті көрмекші болады. Көпірден өтіп, жұмысына ырза болып, ел көшпекші болған жерді көріп қайтады. Ертеңінде ертемен тұрса ханның аузы бір жағына қарай қисайып кеткен екен. Бұны көріп хан да, қара халық та қорқып, таң қалады. Ол ауыл молдаларынан жөн сұрайды Сонда молдалар бұны көріп, жағаларын ұстап, таң қалысады. Ауыл имамы ханға:
-Сен ата-бабаларымыздың жерін аяққа бастың, олардың әруақтарын қорладың. Киелі жердің мазасын алдың. Содан аруақтар су бетіне, жер бетіне шығып жүрген. Сен көпірден өткенде, саған жасаған аруақ немесе шайтандардың ісі бұл, - деп айтады.
Содан бұл көпір «Шайтан көпір» деп аталып кеткен. Сол ауыл да «Шайтан көпір» ауылы деп аталып келеді. Көпір осы кезге дейін сақталған. Бірақ мола болған жер ауыл емес, зират орнына айналған. Алайда адамдар кеш батса, сол көпірден өтуге, жанына жолауға қорқады.