«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
* * *
ШЕКІЛ ҚОНҒАН
Баяғыда Қарқаралы уезі Темірші болысына қарасты №10 ауылда Шекіл деген есепші болыпты. Ол кісі ауа райының қандай болатынын ерте болжап, қар қашан түсіп, қашан еритінін, қыс аяғындағы қайтарма суықтар қай күндері болатынын дәл айтады екен.
Ол кісіні көрген кейбір қарттар: «Ол түнде тұрып шықтың түсуін, сиырдың жүнін сипап байқайтын. Далаға күл үйіп қойып, желдің бағытын, күшін бақылайтын»,- дейді.
Көрші елдер Шекілден қысқы ауа райы қалай болатынын арнаулы адамдар жіберіп біліп тұрады екен.
Атақты «Доңыз жұты» деп аталатын жылы қар жауар алдында Шекіл қазіргі Қасым атындағы ауылдың жері «Қарасораң» деген таудың бауырында отыратын Егізбай, Семізбай деген кісілерге келіп: «Биыл қыс қатты болады. Бұрынғылар «жұт жылы жақсы адамдардың қасында бол, биік таудың басында бол» деген екен. Сендерді жақсы көруші едім. Тауларың да биік еді. Мен биыл сендердің тауларыңның басына қыстап шығайын»,- деп рұқсат сұрапты. Олар рұқсат етеді. Шекіл қар жаумай тұрып малдарын айдап Қарасораңға көшіп келеді де, тау басындағы бір шұңқыр, жылы жерге екі киіз үй тігіп, біріне адамдар, бір үйіне малдары тұратын етіп әзірлейді. Отын жинап алады. Қыстан алып шықсам деген тәуір малдарын алып қалып, кәрі құртаң, нашар малдарын сойып алады.
Шекілдің болжауындай қар ерте түсіп, онан кейін қалың жаңбыр жауып қатып қалады. Жер беті көк айнадай болып, қатты жұт болады. Қыс бойы жел қай бағыттан соқса да қарды жұмсартып, таудың басын қап-қара етіп қағып кетіп отырыпты. Шекілдің малдары қыстан дін аман, күйлі шығыпты.
Егізбай, Семізбай тау бауырындағы өлкеде малдарына қарды қазып шөп аршып беріп жатады. Балалары әкелеріне ренжіп, Шекілді қуып, тауға өз малдарымызды жаямыз десе, әкелері: «Балалар, біздің уәдеміз бар еді. Бар малдарың қырылып қалса да Шекілді қозғамаңдар»,- деп көнбейді.
Сәуір ішінде бір күні Шекіл келіп: «Енді ұзамай қар кетеді. Қатқақта еліме жетіп алайын деп көшкелі жатырмыз. Сіздерге рахмет, рұқсат беріңіз»,- депті.
Айтқанындай Шекіл көшіп өз аулына барған күні тұманданып, оңтүстіктен жылы жел соғып, қар ериді. Сол жер осы уақытқа дейін «Шекіл қонған» деп аталады.