БАБАЛАР СӨЗІ: Шерқала тауының атауы қайдан шықты?

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Шетпе елді мекені маңында «Шерқала» деп аталатын тау бар. Ерте кезде бұл жерде адайлар мен түркімендер арасында қырғын соғыс болған. Түрікпен-қазақ қырғынында осы ұшпаға түрікпендер орналасып алып, жаугершілік жасаған. Бұл ұшпаның жан-жағы тегіс тас, өтетін жері, жолы болмаған. Тек бір ғана жолы ішінде су алатын түрікпендердің тіршілік еткен көзі үлкен шыңырауы болған. Жоғарыдағы жауға ештеңе істей алмай, құруға жақын қалған қазақтар ақыры амалын тауып¬ты. Олар шыңыраудан қауіпсіздеу бір шетін тесіп, сол жерден түрікпендердің су алуға түсірген қауға, шелегін кесіп тастап тұрған. Ақырында шөлден қырылып, қаталаған түрікпендердің жартылай қолы «Шерқаланы» тастап қолға түскен екен. «Шерқаланы» түрікпенше алынбайтын қамал дегенді білдіреді екен. «Шерқала» тауы - Маңғыстау қазақтарының «киелі» деп санайтын жерінің бірі.