БАБАЛАР СӨЗІ: Шойынды қалай Жасыбай көлі аталды?
*** Қалмақтардың мындаған қолы қазақтың басын көтертпей шабуыл жасағанда, қазақтың көптеген батырлары, соның ішінде Жасыбай батыр Баянауылды азат етуге аттанады. Жасыбай жасағы Ақкелін, Көкдомбақ тауларының түбінде қалмақтың он мың негізгі күші саналатын әскерін жеңеді. Өкшелей қуған Жасыбай жау тосқауылдарын бұзып-жарып, Шойындыкөл тұсындағы асудан асады. Тауға шығып, жан-жағына қарап, жау көрінбеген соң тынығып алмақ болып, маңдайының терін сүртіп, сауыты мен дулығасын шешеді. Сол кезде бір тастың тасасында бұғып жатқан қалмақтың Құба мергені көздеп тұрып, садағын тартады. Аңғал батыр Жасыбай құлап түсіп, басын қайта көтереді де: «Ердің құнын Олжабай жоқтасын, басыма Малайсары белгі орнатсын, артымда қалған жетімдерге қарт Бөгенбай көз салсын»,-дейді. Сөйтіп, әйгілі батыр қапыда көз жұмады. Қалың қол қайыса, аза тұтып, Жасыбай батырдың сүйегін жартасты таудың төбесіне қояды. Олжабай, Бөгенбай, Малайсары батырлар қабыр басына белгі ретінде үш түп жас қайың егеді. Сол қайыңдар әлі өсіп тұр. Сол жер «Жасыбай асуы» деп аталады. Үш батыр Шойынды көлді ескерткіш ретінде «Жасыбай көлі» аталсын деп ұйғарады. Содан бері бұл көл «Жасыбай көлі» аталады.