БАБАЛАР СӨЗІ: «Ұлы өлмейтін Ұрымда жоқ, қызы өлмейтін Қырымда жоқ»

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

***

Ағыбай батырдың кенже ұлы Қашқынбай он шақты жігіттің батпаққа батқан атты шығара алмай жатқанын көріп, қиналған жануарға жаны ашып, белінен батпаққа кіріп жалғыз өзі атты жағаға алып шығады.

Таңқалған елдің арасында баласының ерлігіне сүйсіне қарап отырған Ағыбай ішінен: «Жел жаққа ұстар, жауға салатын ұлым осы екен», - деп мақтаныш тұтады.

Сол күні кешке Қашқынбайдың денесі ісіп, белуардан төменгі жағы қарайып кетіп, келесі күні қайтыс болады. Он жеті жасар ұлының қазасы жанына батқан, әрі «өзімнің көзім тиді» деп қатты қапаланған Ағыбай күңіреніп, қайғырып төсегінде жатып қалыпты.

Сонда игі жақсылары қасында, Ұлытаудан келген Найман Балта ақын батырды құшақтап көрісіп, жұбатқаны:

Алла ісінде бұзық жоқ,

Өлмесін деп әзелде.

Жазып қойған сызық жоқ,

Ұлы өлмейтін Ұрымда жоқ,

Қызы өлмейтін Қырымда жоқ,

Қатыны өлмейтін халықта жоқ,

Әсте өлмейтін тарихта жоқ,

Қойын толы саф алтын

Сарқылмаған қайда жоқ.

Қабындап келген қайғыдан,

Тіріге тиер пайда жоқ.

Елге пана, Ағыбай,

Жерге пана, Ағыбай,

Ердің ері емес пе едің,

Егеудің сынығы емес пе едің,

Көтер бері басыңды,

Қайғы жейді жасыңды...

Ертеден бірге келе жатқан досы Балта ақынның осы сөзінен кейін Ағыбай ойланып, тәубаға келіп, біраздан соң басын көтеріпті.