БАБАЛАР СӨЗІ: Ыстықкөл қалай пайда болды?

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Ыстықкөлдің пайда болуы жайында ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер бар. Әлқисса, есте жоқ ерте заманда қазіргі тау аңғарындағы толқынды көлдің орнында, үлкен әрі әдемі шаһар болыпты. Күндердің күнінде жеті жұттың бірі зілзала болып, қаланы құлатып, адамдарды жаппай қырғынға ұшыратады. Леп-лезде жер опырылып, пайда болған шұңқырға су толыпты. Сөйтіп, әлгі шаһардың орнында үлкен көл пайда болыпты.

Ал оның алдында, бір топ бойжеткен қыздар от жағу үшін тезек теруге кетеді. Тек осы қыздар ғана қауіп-қатерден аман қалыпты. Апаттың болғанын білген олар әр күн сайын көл жағасына келіп, жақындарын жоқтап, жылап қайғырады екен. Олардың көздерінен аққан жастары көлге тамыпты. Сол жастардың төгілгені соншалық-әлгі көл ащы болып кетіпті. Әлгі қыздардың қайғы-мұңы көп ұзамай көлдің атауына себепкер болады, яғни Ыстық (жас секілді) көл аталады.

Ақсақалдардың айтуына қарағанда, көл мінезі қайғырған қыздардың мінез-құлықтарымен, көңіл-күйлерімен үндес екен. Бірде сұп-сұр болып толқынын тулатса, бірде тынық ойға батқандай.