БАБАЖЫ ҚАТЫН КЕСЕНЕСІ

None
sp;Бабажы қатын кесенесі - X-XI ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Тараз қаласынан 18 шақырым жерде Жамбыл ауданындағы Айша бибі мазары жанында орналасқан.

Ескерткішті 1897 жылы В.Каллаур, 1938 жылы А.Бернштам, 1953 жылы Т.Бәсенов зерттеген. Текше тәрізді тік бұрышты, қызыл кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің ауданы 6,8х6,8 метр, биіктігі 5 метр, қабырғаларына қаланған кірпіштің көлемі 24х24х5 см. Қасбеті мен 2 қапталы бір-біріне ұқсас, мәнерлеп қаланған кірпіштен күн тәрізді өрнектер жасалған. Жоғары жағы аркалы, ішке кірер есік шығыс жақ қабырғасында сегізқырлы барабанға ауысатын тромпбелдеу жасалған. Оның үстінен ішкі еңсенің 16 қырлы күмбез басталады. Ал сыртқы күмбезі биіктігі 86 см қырлы призманың үстіне орнатылған.

Мұндай қобылы күмбездер Қазақстандағы Көккесене, Жұбан Ана сияқты көне ескерткіштерде кездеседі. Бір-біріне қаптай салған қос күмбез ескерткіштің ұзақ сақталуына себепші болған. 

Күмбез тұғыры аршамен құрсауланып, тақталардан суағарлар жасалуы сол кездегі құрылыс өнерінің өте жоғары дәрежеде болғанын көрсетеді. Ғимаратта шағын көлемдегі сәулеттік нақыштар ұтымды әрі үйлесімді пайдаланылған. Бабажы қатын кесенесі сыртқы пішімінің жинақылығымен, құрылысының беріктігімен ерекшеленеді.

Бабажы қатын кесенесі өзнің қос қисығы бар он алты қабырғалы шатыр төбелі ерекшелігімен әйгілі. Шатырлы, қабырғалы жабуы орта ғасырлық сәулет өнері мен қазіргі заманғы кесенелердің еш бірінде жоқ. Ондағы эпиграфиялық айшық мұнда жерленген әйелдің аты-жөні бізге жеткізіп отыр. Аңыз бойынша ол әйел Айшаның қамқоршысы болған, сапарларында еріп жүрген.  кезінде қасында болған. Айша қайтыс болған соң оның мазарының шырақшысы болған.

Бабажы қатын кесенесін толық қалпына келтіру жұмыстары соңғы рет 2002 жылы жүргізілген.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том.