Backstreet Boys концерті: Орталық стадионда дайындық қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 19 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында Backstreet Boys тобының концерті өтеді.
Қазіргі уақытта мегаполистің басты алаңында сахна тұрғызылған, сондай-ақ қажетті жабдықтар орнатылып жатыр. Ал стадион айналасында көрермендер легін концертке дейін және концерт кезінде реттеу үшін қолданылатын қоршаулар әкелінген. Ауқымды іс-шара кезінде стадион аумағы бірнеше фан-аймаққа бөлінбек.
Сонымен қатар 18 қыркүйек таңғы уақыттағы жағдай бойынша Орталық стадионның жасыл желегіне арнайы қорғаныш жабындысы әлі төселмеген. Дегенмен жабынды дайын тұр, жақын уақытта оны орнату жұмыстары басталмақ.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, концертке 27 мың көрермен жиналады деп жоспарланған. Концерт кезінде тәртіпті қадағалау үшін 2100-ден астам полиция қызметкері, 500 ұлттық гвардия әскері және 200 күзетші жұмылдырылады.
Еске салайық, Алматыға әлемдік поп-мәдениет аңыздарына айналған — Backstreet Boys тобы келіп қойды.