Backstreet Boys тобының Алматы қаласындағы концерті 19 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді, Астана қаласындағы концерті 21 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында өтеді.
— Backstreet Boys тобының концертіне билеттер сатылымы 14 шілде күні сағат 12:00–де Ticketon платформасында және Freedom Super App қосымшасы арқылы басталады. Тағы бір айта кететін жайт, Backstreet Boys-тың Астанадағы концертінің билет бағасы топтың әлемдік турымен салыстырғанда арзан. Билет бағасы 40 мың теңгеден басталады, — деді Мәлік Хасенов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ концерт ұйымдастырушылары делдалдармен күресетіндерін айтып отыр, яғни билеттердің заңсыз сатылымына жол берілмейді.
— Бір адамға 4 билет ғана сатылады, билет сатылымы бойынша толық ашықтықты қамтамасыз етеміз, — дейді ол.
Еске салайық, биыл 1 тамызда әлемге танымал поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Астанада концерт береді.