Бадам өзенінде қырылған балық мемлекетке 2,3 млн залал келтірген

Фото: АШМ

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкенттегі Бадам өзенінде балық қырылған болатын. Балықтың жаппай қырылуына химиялық құрамдағы төгінді судың авариялық түрде ағызылуы себеп болуы мүмкін екені болжанған еді. АШМ Балық шаруашылығы комитетінің Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы балық неден қырылғанын әрі одан мемлекетке қанша залал келгенін мәлімдеді.  

— Шымкент қаласы аумағындағы, «Бадам» өзенінде балықтың қырылуы бойынша Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы тарапынан құзырлы органдармен бірлесіп, жұмысшы топ құрылып, ағымдағы жылдың 3 ақпанында аталған су айдынында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте, Еламан шағын ауданы бағытына қарай тартылған канализация құбырының (коллектордың) жарылғандығы белгілі болды. Өз кезегінде, Инспекция өз құзыреті шеңберінде аккредиттелген ғылыми-ұйыммен «Бадам» өзенінде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 902,6 кг балық популяциясына келтірілген залал анықталды, — делінген инспекция хабарламасында. 

Мамандардың пікірінше, өлген балық ресурстарының мемлекетке келтірген залал көлемі 2,3 млн теңге, материалдар қылмыстық құқық бұзушылық бойынша шаралар қабылдауға Шымкент қалалық полиция департаментіне жолданған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Бадам өзенінде балық қырылып жатқанын жазған едік. Экологтар оқиға орнына барып, су сынамаларын алып, алдын ала қорытынды жасаған болатын. Өзен жағасына шығып қалған өлі балықтарды алғаш жергілікті тұрғындар байқап, мәселенің ушығуына тұрғындардың әлеуметтік желілерде таратқан бейнежазбасы түрткі болған еді.