Бадамша-Ақтөбе жолында қар құрсауынан 13 адам құтқарылды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 20 ақпан күні түнге қарай Ақтөбе облысындағы «Бадамша-Ақтөбе» жолында 13 жолаушысы бар бес автокөлік қар құрсауынан шығарылды. Облыстық маңызы бар трассаның 17-ші шақырымында қалып қойған көліктердегі жолаушылардың ішінде екі бала болған, деп хабарлайды облыстық ТЖД .

«Хабарлама сағат 22.55-те келіп түсті, - дейді Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №10 өрт сөндіру бөлімі қарауыл бастығының міндетін уақытша атқарушы Әлихан Рудаков. - Бірден 9 адам жолға шықтық. Қандай техниканы жұмылдыру қажеттігі де түсінікті еді: 3 құтқарушы және жолды аршу және кеңейту үшін автогрейдер, шнекоротор, екі жол талғамайтын көлік аттандырылды. Бұрқасын күшейіп кетпей, уақытында үлгердік. Бұл уақытта жергілікті полиция жолды жауып жатқан еді. Біздер қарлы боранда қалған автомобильдерді сүйреп шығарып, адамдарды аудан орталығына аман-есен жеткіздік. Адамдар екі сағаттай далада қалғанымен, ешкім зардап шекпеді».

Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің жедел және үйлесімді іс-қимылы арқасында «Ақтөбе-Ойыл» автокөлік жолында 8 автокөлік қар құрсауынан шығарылып, қозғалысын әрі қарай жалғастырды.