«Баға бақылауға бағынбай тұр» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 қаңтар, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Баға бақылауға бағынбай тұр» атты мақала жарияланды. «Айтақтай, айтақтай қасқырдан да ұят болды» деген екен баяғыда жалқау иттеріне өкпелеген біреу. Сол айтпақшы, ішкі рыноктағы жүгенсіз кеткен бағаны ауыздықтамақ болған айқайдан да әзірге ештеңе шығар емес. Баға өсуіне қарсы кү­рестің тиімсіздігіне ең алдымен кабинетте оты­рып жалған ақпарат беретін жергілікті әкімдіктер мен салалық министрліктер кінәлі ме деген ой туады. Өткен сейсенбіде болған осы жылдың ал­ғаш­қы Үкімет отырысында Премьер-Министр бар­лық өңірлердің әкімдері мен салалық министр­лердің ішкі рыноктағы азық-түлік бағасының жағ­дайы туралы есептерін тыңдады. Барлық әкім­дер бірауыздан бағаның, әсіресе халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының мүлде өзгермегенін айтып, Үкімет бас­шысын алаңдауға ешбір негіз жоқ екендігіне сендірді. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко мен Қостанай облысының әкімі Виталий Кулагин өздері басқаратын өңірлерде азық-түлік бағасының республикалық орташа көрсеткіштен де арзандап кеткенін алға тартты»- делінген мақалада осы Үкімет отырысының ертеңіне Көкшетау және Қостанай қаласының базарлары мен дүкендерін арнайы барып аралаған газет тілшілерінің азық-түлік тауарлары бағасын көзімен көргендерін, алайда баға әлі түспегені туралы нақты деректер келтіріледі. «Сонда кім кімді алдап отыр? Жарты күндік жалған беделдері үшін Үкімет басшысын алдауға болатын шығар, бірақ күн құрғатпай қымбаттап жатқан бағадан қалталары қағылған қарапайым халықты қалай алдауға болады?», -делінген мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымның осы санында «Заң өндіріске алынды» деген тақырыппен мақала басылды. Мақала авторының жазуынша, кеше Конституциялық Кеңес Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Парламент қабылдаған заңның Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішін өндіріске алды. Конституцияға енгізілген өз­ге­рістер мен толықтыруларды қарастырған осы заң Парламент па­латаларының бірлескен отырысында бірауыздан қабылданып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың қол қоюына ұсынылған. Ол Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың президенттік өкі­лет­тігін референдум арқылы ұзар­ту мүмкіншілігін көздейді. Ел­басы бұл заңға бірден қол қой­май, оның Конституцияға сәй­кес­тігін қарас­тыру үшін Конс­ти­туциялық Ке­ңес­тің қарауына жіберген.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Ішкі істер министрлігінің бағалау критерийлерін өзгерту қажет» деген мақала жарияланды. Онда Ішкі істер министрлігінің өткен жылғы қорытындыларына байланысты кеше өткен алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер жөнінде айтылады. Мақала авторының сөзінше, аталмыш отырысқа қатысқан Елбасы құқық қорғау саласының жалпы қоғамымыздың даму көшінен қалып қойғандығын ескерткен. «20 жылда бәрі - экономика да, саясат та, мәдениет саласы да, еліміздің халықаралық салмағы да, бәрі-бәрі өзгерді. Ел басқа, халық басқа! Бірақ құқық қорғау жүйесі әлі сондай қарқынмен өзгеріске түсуде деп айтуға болмайды. Рас, маңызды заңдар қабылданды, құнды басқарушылық тәжірибе қордалануда. Алайда басқа салалармен, мәселен, дәл сол экономикамен салыстырғанда, артта қалушылық анық. Дәл осы жағдай менің бүкіл құқық қорғау жүйесін реформалау жоспарыма себепкер болды, - деп атап көрсеткен кеңейтілген алқада Мемлекет басшысы. Еліміздің құқық қорғау саласын қандай реформа күтіп тұрғанын білгіңіз келсе, жоғарыдағы мақалаға зер салыңыз.

«Біз - біргеміз!». «Айқынның» бүгінгі нөмірінде осындай тақырыппен басылған мақалада кеше АлматыдағыҚазақ Ұлттық аграрлық университетінің мәжіліс залында өткен алқалы жиынға қатысқан қаладағы саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылым және шығармашыл-зиялы қауым, сондай-ақ өнеркәсіпшілер, ардагерлер, жастар ұйымдарының өкілдері бірауыздан осындай мәлімдеме жасағаны, сондай-ақӨскеменде құрылған бастамашыл топтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігі мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту мақсатында жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамасын қуаттап, қолдайтындықтарын білдіргені айтылады.

***

«Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында «Қазақстанның қаны азайып барады» деген тақырыппен проблемалық мақала жариялады. Онда еліміз азаматтарының темір мен иодтан тапшылық көріп отырғаны жазылған. Мақала авторының жеткізуінше, аталмыш күрделі мәселенің көтерілгеніне де біршама уақыт болды. Бірақ түбегейлі шешімін табар түрі жоқ. Адам ағзасына қажетті дәрумендер - темір мен йодтың жетіспеушілігінен түрлі аурулардың белең алатынын ғалымдарымыз әлдеқашан дәлелдеп қойған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде халықтың 65 пайызы йод тапшылығынан зардап шегуде. Оның ішінде осы жетіспеушіліктен туындайтын зоб, қаназдық аурулары жыл сайын арта түсуде. Аяғы ауыр әйелдердің 5 пайызы қаназдық ауруынан зардап шегеді. Йод тапшылғынан туындайтын ауруларды емдеу үшін еліміз жыл сайын ішкі өнім өндіруден 5 пайыз қаржы жоғалтады екен.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, халыққа қызмет көрсету орталығына иелік ететін құзырлы орган құтаймай-ақ қойды. Әділет министрлігінен жергілікті атқарушы органдарға өткен бұл орталық онда да көп тұрақтай алмайтын сияқты. Кеше Әділет министрлігінде өткен алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы дұрыс жолға қойылмай тұрғанын айтқан. «Өкінішке қарай, халыққа қызмет көрсету орталықтарын Әділет министрлігінен аймақтарға беру олардың жұмыстарына кері әсер еткен тәрізді. Сондықтан бұл мәселеге электронды үкімет тұрғысынан қайта оралу керек сияқты»,-делінген мақалада. Мақала «Халыққа қызмет көрсету орталықтары Байланыс және ақпарат министрлігінің құзырына өтуі мүмкін» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Предпосылки для процветания» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада Премьер-Министрі Ербол Орынбаевтың қатысуымен Өскеменде өткен республикалық мәжілісте көтерілген мәселелер жөнінде баяндалған.