Баға мен сапа жағынан елімізде өндірілген сиыр еті Ресей нарығында бәсекеге қабілетті емес- Е. Аман

ыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Баға мен сапа жағынан елімізде өндірілген сиыр еті Ресей нарығында бәсекеге қабілетті емес. Бұл туралы бүгін «Bnews» ақпараттық порталында өткен Onlin конференция барысында ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы Евгений Аман мәлім етті.

«Біздің көптеген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз ресейлік ветеринариядан сертификатталған. Сондықтан да, олардың көрші елдердегі нарыққа емін-еркін кіруге құқығы бар. Бірақ, ондай тауар өндірушілер бұлай істей алмай отыр. Біріншіден, көрші нарыққа енуге қолда бар тауар жеткіліксіз, екіншіден - егер олар сол нарыққа тырысқанымен, баға жағынан ұтылады», деді Жауапты хатшы.

Оның айтуынша, елімізде өндірілген сиыр еті Ресей нарығындағы бағаға бәсекелестік тудыруы үшін бордақылаудағы жас төлдің салмағы тәулігіне 1,5-2 келі қосуы қажет. Ал бұл үшін малды асылдандыру не болмаса бордақылауда заманауи технологияны қолдану қажет. «Мәселен, қазіргі күні Қостанай облысындағы шаруашылықтарда сиыр етінің өзіндік құны ресейлік сатып алу компаниялары ұсынып отырған бағаға қарағанда 3 долларға (келісіне) асып отыр», деді Е. Аман.