Баға тұрақтылығында тәуекелдер сақталып отыр — Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 айдың қорытындысында жалпы ішкі өнім 4,2 пайызға өсті. Бұл туралы Құрылтай отырысында «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасының орынбасар Ерұлан Жамаубаев айтты.

Фото: Үкімет

— Қазіргі таңда жаһандық экономика тұрақсыздық, геосаяси шиеленіс және сауда саясатындағы қолайсыздықтар аясында дамып отыр. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша әлемдік экономика өсімі биыл 3,1 пайызды, келесі жылы 3,4 пайыз. Жаһандық инфляция осы жылы 4,7 және 2027 жылы 4,1 болады деп күтіліп отыр. Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан еліміздің экономикасында оң динамика сақталып отыр. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,2%-ға өсті. Жылдық инфляция 12 ай қатарынан баяулап, 9,3 пайыз болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 8,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға артты, — деді ол.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, инфляцияның баяулауына Ұлттық банктің жүргізіп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, артық өтімділікті қысқарту шаралары мен Үкіметпен бірлесіп атқарылып жатқан іс-шаралар оң ықпал етіп отыр.

— Осыған байланысты біз 4 қазанда базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеттік. Дегенмен, баға тұрақтылығында тәуекелдер сақталып отыр. Сондықтан инфляцияны орнықты түрде төмендету және қаржы нарығын дамыту бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырамыз, — деді ҰБ төрағасының орынбасары.

Бұған дейін Құрылтай отырысында қандай заң жобалары қаралатынын жазған едік.