Бағалар деректер базасы бюджет шығынын 200 млрд теңгеге дейін қысқартуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі Бағалар деректер базасын енгізіп жатыр. Жүйе маркетплейстер мен басқа да дереккөздерден алынған мәліметтер негізінде тауар бағаларын бақылап, талдауға мүмкіндік береді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың сөзінше, платформа мемлекеттік сатып алулар кезінде тауарлардың нарықтағы нақты құнын анықтауға көмектеседі.

- Мысалы, мемлекеттік орган тауар сатып алғанда қазір коммерциялық ұсыныстарға сүйенеді. Бағалар деректер базасы арқылы бұл бағалардың нарықтық деңгейге сәйкестігін қосымша тексеруге болады, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, жүйені енгізу нәтижесінде жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік бар.

- Ұлттық тауарлар каталогы кеңінен қолданылып, жасанды интеллект арқылы деректер сапасы жақсарған сайын бюджеттік жоспарлау тиімдірек болады. Құрал қазірдің өзінде пайдаланылып жатыр және алдағы уақытта оның мүмкіндіктері кеңейтіледі, – деді Әсет Тұрысов.

Бұған дейін бөліп төлеуге қосылу үшін бизнес қандай тексерістен өтетінін жаздық.