«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері жөндеу кезінде Алматыда оқуын жалғастырады

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматы қаласында білім алуын жалғастырады.

«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері жөндеу жұмыстары кезінде оларды бір-бірінен ажыратпауды сұрап, бейнеүндеу түсірді.

Алматы әкімдігінің жауабына сәйкес, қазіргі таңда қала мен облыс әкімдіктері нысанды Алматының қарамағына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.

— Техникалық зерттеу, жобалау-сметалық құжаттама дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті конкурстық рәсімдерден өткеннен кейін ғана жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бірінен бірі ажырап қалмайды, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар тәрбиеленушілер Алматыда өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырмақ. Қала басшылығы балалар үйінің ғимаратынан балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатпағанын атап өтті.

— Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету Алматы қаласы әкімдігінің және Оқу-ағарту министрлігінің басты назарында. Балалардың оқуы мен тұрмыс жайы әрдайым жіті бақылауда болады, — деп түсіндірді Алматы әкімдігі.

Еске салайық, Алматыда орналасқан облыстық Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшуге наразылық білдірді.

Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды.

Кейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы 39 бала Қонаевқа көшті.