Бағанашылдан балалар көшірілмек болған Қонаевтағы жаңа ғимаратта кімдер тұрады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жаңа ғимарат салынды. Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 180 орынға арналған жаңа ғимарат жеке инвесторлар есебінен салынып, мемлекет меншігіне берілген.
Kazinform агенттігі Алматы облысының білім басқармасына сауал жолдап, Қонаев қаласындағы жаңа ғимарат қалай қолданылып жатқанын нақтылады. Ведомство жауабына сәйкес, нысан облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығына берілген.
- Қазіргі уақытта орталық ғимаратында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар тәрбиеленіп жатыр. Орталықтың пайдалану мақсаты өзгермейді, облыс бойынша жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз және өмірлік қиын жағдайда қалған балалар тәрбиеленеді. Қазіргі таңда орталықта барлығы 35 бала тұрады, - делінген басқарма жауабында.
Еске салсақ, мұнда биыл шілде айында облысқа қарасты «Бағанашылдағы» балалар үйінің тәрбиеленушілері көшірілмек болды. Алайда балалар бұл әрекетке наразылық білдірді. Президент тапсырмасымен балалар үйі Алматыдан көшірілмейтін болды. Қала әкімдігі нысанды өз қарамағына алып, жөндеу жұмыстарын жүргізгелі жатыр.
«Бағанашылдағы» балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа ауыспағанымен, Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан 30-дан астам бала көшті. Олар 2022 жылы Алматы облысы әкімшілік тұрғыда бөлінгеннен кейін уақытша «Бағанашылға» орналастырылған. Орталықтағы 41 баланың 9-ы өз еркімен Алматыда қалған. Қонаевқа көшкен 32 баланың 8-ін ата-анасы алып кеткен. Тағы 4-і қорғаншылыққа берілсе, 3-і колледжге түскен. Ал орталықта 17 бала қалған.
Айта кетейік, «Бағанашыл» балалар үйіндегі даудан кейін үш шенеунік қызметінен босатылды.