Бағаны реттеуде импорттық өнімдерді жеткізушілерге мемлекеттік көмек нақтылануы керек- Нұрлан Бұршақбаев

АЛМАТЫ. 19 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің бағасын реттеуде көршілес елдерден тауар жеткізушілерге нақты көмек керек. Бұл бүгін Алматыда "Кеден одағының шекараны ашуының ықпалы: оң және теріс ықпалдастық" деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

"Ауыл шаруашылығының әлеуеті өте зор. Онда ішкі нарықты арзан әрі сапалы өніммен ғана қамтып қоймай, артық өнімді сыртқа шығаруға толық мүмкіндік бар. Егер мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері толық іске қосылса, онда ауыл шаруашылығының барлық саласын қатар дамытуға қолайлы жағдай бар", - дейді Қазақстан кеден декларанттары одағы" қауымдастығының президенті Нұрлан Бұршақбаев. Оның айтуынша, қазір онда өнім өндірушілер нарыққа тікелей шыға алмауда. Сондықтан жекеменшік ұсақ шаруашылықтардың көпшілігі өз қажетінен артық өнім өндіруге аса құлықты емес. Оларды ынталандыру үшін әділ бәсекелестікті қалыптастыру керек. Мәселен қазір сырттан келетін және жергілікті жеміс-жидек пен көкөніс бағасында еш айырма жоқ. Сондықтан көршілес елдерден жеткізілетін өнімдер де нарыққа делдалдар арқылы кіруде.