Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, бүгінгі Үкімет отырысында Министрлер кабинеті бағаны тұрақтандыру бойынша әзірленген шаралар топтамасын талқылауы тиіс еді. Алайда, аталған іс-қимыл шараларын бұдан әрі толықтыру жұмыстары қажет болғандықтан бұл мәселе күнтәртібінен алынып тасталды. «Бастапқыда мен бағаны тұрақтандыру бойынша мәселені талқылауды жоспарлаған едім. Бірақ та, бұл мәселені тағы да зерделеп қарап, оны экономикалық және бюджеттік жоспарлау шараларымен теңдестіруіміз қажет»,-деді К. Мәсімов.
Осы орайда Премьер-Министр бұл мәселені экономикалық саясат жөніндегі кеңестің және бюджеттік комиссияның қарауына ұсынды. Тек содан кейін ғана бұл шаралар топтамасы Үкімет отырысында қаралатын болады. К. Мәсімов өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке осы жайтты қадағалауды тапсырды.