Бағдадта шиіттердің бес мешітіне шабуыл жасалды: 29 адам қаза болды, 60-ы жараланды

КАИР. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат - Бағдадта шиіт мешіттерінде бес жарылыс болып, 29 адамның өмірін қиып кетті. «Асуат әл-Ирак» агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, 60-тан астам бейбіт тұрғындар жарақаттанды,

деп хабарлайды РАТА-ТАСС агенттігі.

Шабуыл жасау үшін содырлар мина қойылған автомобильдерді және ғимараттарға жарылғыш құрылғыларды пайдаланды. Барлық лаңкестік актілер бірнеше қалаларда жұма намазы өтіп жатқан сәтте болған. Әсіресе Ирак астанасының солтүстігіндегі Эш-Шааб ауданындағы Аш-Шруфи мешіті жанындағы автомбильдің жарылуы көптеген адамдардың құрбан болуына әкеп соқты - 20 бейбіт тұрғын қазаға ұшырады, тағы 40 адам жараланды. Ғимараттың бір бөлігі опырылды. Сондай-ақ Ас-Садрейн, әл-Хәкім және имам ас-Садық мешітіндегі лаңкестік тағы 9 ирактықтың өмірін қиып кетті.

Бұл осы айдағы Бағдаттың шиіттер тұратын аудандарындағы экстремистердің ең ауқымды акциясы. Бұдан бұрын шиіттердің ең ірі Мадинат-Садр орамында 70-тен астам адам қаза болған еді.