«Бүгін әріптестермен бірге жаңа баспананы блокчейн технологиясымен онлайн тәртіпте ресімдеу процесін таныстырдық. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) ағылатын адамдардың сұранысын сараптай келе, біз ең танымал қызметтерге зер салдық. Мысалы, биыл 9 айдың ішінде қазақстандықтар баспананы тіркеу үшін ХҚКО-ға 900 мың рет, нотариусқа 700 мың рет жүгінген. Сондықтан біз блокчейн технологиясын енгізуге шешім қабылдадық. Осылайша жылжымайтын мүлікті тіркеу мен оны кепілге қою үдерісін жеделдетуге жол аштық»,-деп жазды министр.
Оның айтуынша, мысалы жаңа салынған үйден пәтерді ипотекаға сатып алуды ойға алсаңыз, құжаттар жинап, төрт ұйымды - банк, нотариус, құрылыс иесі мен ХҚКО-ның арасында табан тоздырып, қаншама сергелдеңге түсесіз. Егер біз биыл осындай 900 мың кейс болды десек, оның үстіне әрбір жағдай бойынша әлгі ұйымдарға 2-3 рет бару қажеттігін ескерсек, нәтижесінде адамдар 3 млн рет әрлі-берлі жүгіруге мәжбүр болғанына көз жеткізуге болады.
«Осы мәселелерді шешу үшін біз қазір бизнестің бастамасы бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Банк үдерісін, сондай-ақ құрылыс иесі мен мемлекеттің, яғни «Азаматтарға арналған үкіметтің» үдерісін біріктірдік. Біз мемлекет ретінде адамдарды ХҚКО-ға бару міндетінен босатып, қызметтерді үйден шықпай-ақ, өздеріне қолайлы және тиімді сервистер арқылы алуға жағдай жасауға ұмтылып жатырмыз.
Егер бұл мәселені банк немесе құрылыс иесі арқылы тікелей шешу мүмкіндігі болса, ХҚКО-ға барудың қажеті қанша?! Онсызда мемлекет барлық келісім-шарттарды деректер базасына енгізіп отырады.
Осы жобаны жүзеге асырған біздің министрліктің, Әділет министрлігінің, Bi Group, Halyk bank, Алтын банк және Азаматтарға арналған үкіметтің мамандарына ризашылығымды білдіріп, алғыс айтқым келеді»,-деді Бағат Мусин.