«Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин «Қазақстанға осындай е-коммерция орталықтары не үшін керек?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Е-коммерция орталықтары не үшін қажет? Қазір интернет қарқынды дамып жатыр. Интернет арқылы сауда жасайтындар көбейді, сол сияқты, сатып алушылар да көбейді. Міне, интернетпен сауда жасайтын сатушылар мен сатып алушыларға жеке қызмет көрсететін орын болған жоқ. Тек «Қазпочтада» емес, жалпы, республика бойынша ондай орталық болған емес. Есесіне, интернетпен сауда жасайтын адамдар бұрын «Қазпочта» бөлімшелеріне келіп, зейнетақы мен жәрдемақы алатын, хат жіберетін, хат алатын адамдармен бірге кезекке тұратын. Кезегі келген кезде, 15 сәлемдемені реттеп, жүйеге енгізгенше, олардың артында зейнетақы кезегінде тұрған адам тағы күтіп қалатын. Сондықтан, интернетпен сауда жасайтындарға қызмет көрсететін орталық керек деген пайымға келдік»,-дейді Б.Мусин.
Оның айтуынша, Астанада ашылған алғашқы е-коммерция орталығында интернетпен сауда жасайтын адам небәрі 5-10 минут үшін өз сәлемдемесін рәсімдей алады.
Бүгін Қазақстандағы алғашқы е-коммерция орталығы Астанада ашылғаны туралы хабарлаған болатынбыз. «Қазпочта» 2017 жылдың ортасына дейін Алматы мен 16 облыс орталығында осындай орталықтарды ашуды көздеп отыр.