Бағдат Мусин мемлекеттік қызмет алу процесін жеңілдету үшін не істеліп жатқанын айтты

Фото: Фото: Kazinform

Босанған ана перзентханадан шыққанда патронаттық медбикеге SMS жіберілетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Президенттің тапсырмасы бойынша азаматтардың қатысуымен фокус-группалар құрдық. Олар әрбір мемлекеттік қызметті талдап, халыққа көрсету процестерін қайта қарауда. Бұл жұмыс 3 бағытта жүріп жатыр. Біріншіден - адамдардың мемлекеттік органдарға бару міндетін барынша азайту, екіншіден - құжаттарды талап етуді қысқарту, үшіншіден - азаматтарымызды артық іс-қимылдан босату», - деді ол

Мәселен, оның атап өтуінше, 9 нақты өмірлік кезеңдегі әрбір жағдайға талдау жасалған.

«Нәтижесінде не азайды? Мемлекеттік органға бару саны 119 дан 21-ге дейін, талап етілетін құжаттар түрі 102-ден 11-ге дейін, жалпы қадамдар саны 600-ден 175-ке дейін қысқарды. Осы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Мұның бәрі мемлекеттік қызметті алу процесін жеңілдетіп, қазақстандықтарды әуреге салмай, көңілін көтеретіні сөзсіз», - деді министр.

Осы орайда Бағдат Мусин сәбидің дүниеге келуін мысалға келтірді.

«Туу туралы куәлік пен жәрдемақы алу үшін оның анасы бұрын не істейтін? Сол баланы қолына алып, ХҚКО-ға баруға мәжбүр болатын. Одан соң жәрдемақы алу үшін бірнеше өтініш жазып, 2 аптадай түрлі мекеменің табалдырығын тоздыратын. Ал, қазір еш жаққа барудың, өтініш жазудың қажеті жоқ. Мемлекет SMS арқылы анасын құттықтап, балаға ат қоюды сұрайды. Сөйтіп, ЖСН-де, туу туралы куәлігі де, жәрдемақылар да дайын болады. Келесі ретте, перзентханадан шыққан соң ол жайлы патронаттық медбикеге SMS жіберетін боламыз. Жыл сайын 400 мыңға жуық бала туылса, қазір олардың 68 пайызына қызметтер проактивті-онлайн форматта ұсынылғанды», - деді ол.