Бағдат Мусин тіл жанашырларын «Oyan» бағдарламасына атсалысуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин өзінің Фейсбуктегі парақшасында «Oyan» бағдарламасы іске қосылғанын жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақ тілін дамыту жолында IT-саласының адамдары не атқара алатынымызды ойлап, аға бауырларыммен осыдан жарты жыл бұрын Арман Сүлейменов бауырымыздың командасына «Oyan» деген бағдарламаны жасауға тапсырыс бердік. Ол бағдарлама қазақ тілін аса меңгермеген, бірақ қарапайым күнделікті сөздерді пайдаланып, сөйлесуді үйренген адамға әдеби кітаптарды оқуды жеңілдетеді», - дейді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, бұл қажеттілік бір адамның қазақ тілін жетілдіру бағытында өз басынан өткізген қиындықтарынан пайда болған.

«Қиындық неде болды? Танысымның қазақ тілінен репетиторы Әуезовтің «Абай жолын» оқуды ұсыныпты. Абаймен танысу барысында әдебиеттегі күрделі өз тіркестерін аударуда танысым қиналғандықтан, қиын тіркестерді репетитормен бірігіп аудара бастады. Өз басы IT саласының дамуына үлес қосып жатқан беделді тұлға болғандықтан, мені шақыртып, әдеби кітаптарды оқуды жеңілдететін iOS жене Android жүйелері үшін бағдарлама жасауды ұсынып, мен сол іске кірісіп кеттім», - дейді Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин жазбасында Арманды тауып, қанша қаражат керек екенін біліп, идеяның авторының көмегімен тиісті қаражат жинап, халыққа өтемақысыз AppStore мен GooglePlay маркеттерінде жария еткен.

«Бірақ әдеби кітаптардағы күрделі сөз тіркестерін аудару үшін краудсорсинг моделін ұсындық. Идеяның авторы өзіне қиын сөздерді іріктеп, аудармаларын жазып алған дәптерін берді. Біз оларды жүктедік. Ал жалпы басқа кітаптардың күрделі сөз тіркестерін аудару үшін, xалықтың арасында қазақ тілін толық білем деушілер, аталған бағдарламаның ішінде кез келген кітапты ашып қиын сөздерді белгілеп, түсіндірмелеріңізді, аудармаларыңызды жазып қойсаңыз, келешекте, әдеби кітаптарды оқимын деген, қазақ тілін жаңа меңгеріп келе жатқан аға бауырларға көмек болады. Қазір бағдарламаны 30 мыңға жуық адам жүктепті. Соның маңыздылығын түсінетін адамдарға, халқымыздың ана тілін үйренем деген азаматтарға көмектесулеріңізді сұраймын. Жүктеп, күрделі сөздердің, сөз тіркестердің аудармасын жазып толтыруыңызды өтінемін. Қазақ тілінің дамуы өзіміздің қолымызда», - деп жазады Бағдат Мусин.