Бахрейн Қорғаныс күштері Бас қолбасшылығының мәліметінше, шабуылдар корольдіктің азаматтық тұрғындарына қарсы бағытталған.
– Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері үш зымыран мен бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын сәтті түрде тосып алып, жойды, – делінген ресми хабарламада.
Бас қолбасшылық Иранның әрекеттерін «дұшпандық ұстанымның көрінісі» деп бағалап, зымырандық және дрондық шабуылдарды айыптады.
Сондай-ақ қарулы күштердің барлық бөлімшелері жоғары жауынгерлік дайындық режиміне көшірілгені хабарланды.
– Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарулы күштердің барлық бөлімшесі толық дайындық жағдайында тұр. Азаматтарды сақ болуға және зымырандар мен ұшқышсыз аппараттардың қалдықтары болуы мүмкін күмәнді заттарға жақындамауға шақырамыз, – деп мәлімдеді Бахрейн Қорғаныс күштері.
Бұған дейін, 6 маусым күні таңертең Бахрейн Ішкі істер министрлігі ел аумағында әуе дабылы сиреналары қосылғанын хабарлаған еді.
Айта кетейік, Иран АҚШ-тан 24 млрд долларды қайтаруды талап етті.