Байқау дүние жүзіне танымал алдыңғы қатарлы опера және балет театры, Ресейдің ұлттық музыкалы театр мәдениетінің ең ірі ошағы Ресейдің Үлкен театры сахнасында өтті. Оған әлемнің әртүрлі елінен 170 балет әртісі мен 30 хореограф қатысты.
Байқаудың әділ-қазы төрағасы - КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Ленин сыйлығының, екі КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Үлкен театрдың хореографы Юрий Григорович (Ресей). Ал құрамына Ресейдің халық әртісі, Мәскеу мемлекеттік хореография академиясының ректоры Марина Леонова (Ресей); Ресей халық әртісі, Үлкен театрдың Прима-балеринасы Светлана Захарова (Ресей); Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Мариин театрының балет труппасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Юрий Фатеев (Ресей) және тағы басқалары кірді.
Естеріңізге сала кетейік, 1969 жылы негізі қаланған мәскеулік байқау тез арада жоғары кәсіби беделге, шығармашылық абыройға ие болды. Енді бұл әлемдегі көрнекті балет байқауларының бірі болып табылады, ал биыл сайыс оның көркемдік жетекшісі, осы заманның танымал хореографы Юрий Николаевич Григоровичтың 90-жылдығында өткізіліп жатыр. Балет әртістері мен хореографтардың халықаралық конкурсы-2017 «Орыс балетінің жылы және Мариус Петипаның 200-жылдығының» алдын алады.
Мәскеулік балет байқауы ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басында әлемдік балеттің жарық жұлдыздары атанған тамаша бишілердің тобын ұсынған еді. Олардың ішінде Михаил Барышников, Вячеслав Гордеев, Владимир Малахов, Герман Корнехо, Миса Куранага, Тьяго Суареш, Евгения Образцова, Иван Васильев, Наталья Осипова және тағы басқалары бар.
Бахтияр Адамжан «Эсмеральда» балетінен Актеон вариациясын, «Дон Кихот» балетінен Базиль вариациясын орындады, алғаш рет сахнаға «Талисман» және «Корсар» балеттерінің вариацияларымен шықты. Байқағандай, өнер көрсетуінің бірі бишінің туған күні - 16 маусыммен тұспа-тұс келді. Тыңдарман әртісті «Баядерка» балетінен Солордың танымал вариациясымен сахнаға биске шақырды.
Бахтияр Адамжан өз кезегінде оған қолдау көрсеткені үшін Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Қорына, сонымен қатар мен үшін шын жанкүйер болған барлық жандарға өзінің шексіз алғысын айтты.
"Бұл менің шығармашылық өмірімдегі аса күрделі байқаулардың бірі болды, шеберліктің жоғары техникалық деңгейі бар лайықты қарсыластар болды. Байқауға қатысу арқылы мен алдағы жұмысыма және жаңа биіктерге қол жеткізуге серпін алдым",- деді "Астана Опера" театрының жетекші солисі.
Еске салар болсақ, 10 маусым күні біздің әртістеріміз Валентина Козлованың Халықаралық балет әртістері байқауында, VKIBC, (Нью-Йорк, АҚШ) қос жеңіске жеткен еді. «Астана Операның» жетекші балет солисі Бахтияр Адамжан осы байқаудың тарихында бірінші рет «Классикалық би» аталымында Бас жүлде иегері атанған болатын. «Астана Опера» балет солисі Серік Нақыспеков мәртебелі үшінші орынға ие болды (қола медаль).
20 маусым күні әртістердің қатысуымен марапаттау рәсімі және Гала-концерт өтті.