Бахтияр Артаев: Брэндон Кук - Қанат Исламға лайықты қарсылас

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиадалық чемпион, Вэл Баркер кубогының иегері Бахтияр Артаев қыркүйекте отандасы Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук арасында өтетін айқасқа қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады 'ҚазАқпарат' ХАА тілшісі.

Артаев   Исламға жеңіс тілей отырып, бұл жекпе-жекті асыға күтіп жүргенін атап өтті. Ол сондай-ақ Кук «Қазақ» үшін лайықты қарсылас. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін - таяу жылдары ең беделді тұжырымдар бойынша әлем чемпионы болу үшін Қанат Ислам мықты қарсыластармен жұдырықтасуы тиіс. Брэндон Кук бұл өлшемдерге сәйкес келеді. Маған қазіргі уақытта Қанат Ислам Алматыға жақын Әлемдік бокс академиясы базасында бокс кешіне қызу дайындықта екені белгілі», - деді олимпиадалық чемпион.

Оның айтуынша, бұл кешке басқа да белгілі қазақстандық былғары қолғап шеберлері қатысады. «Бұл ірі шара аясында бірқатар белгілі кәсіби боксшыларымыз өнер көрсетеді. Елордалық әкімдікке, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қорына, «Астана-ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына осындай ірі бокс кешін ұйымдастырып жатқаны үшін алғыс айтамын. Барша қазақстандықтармен бірге бұл кешті асыға күтіп жүрмін», - деді Артаев.

Алдағы жекпе-жек жайлы өз пікірін Олимпиадалық ойындарда ұлттық құрамның бапкері (Сидней-2000, 2 алтын, 2 күміс медаль) Тұрсынғали Еділов те білдірді. Ол Кук кәсіби рингте жеңіліп көрмегенін, Қанат Исламмен тартысты жекпе-жек өткізетінін айтты.