Екі күнге созылатын ауқымды іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының салт-дәстүрі, қолөнері және мәдениетімен жақынырақ таныса алады.
Фестивальдің басты ерекшелігі – келушілерге 56 тонна қымыз ұсынылады.
– Бағдарлама аясында суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері, ұлттық ат спорты ойындары, балалар мен ересектерге арналған түрлі танымдық және ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Әр күн еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады, – деп хабарлады ұйымдастырушылар.
BaiQymyz-2026 фестивалі еліміздегі оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Іс-шара Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген және Ұлттық оқиғалар күнтізбесінің зәкірлік іс-шараларының қатарына кіреді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль ұлттық мәдени мұраны сақтауға және кеңінен насихаттауға, гастрономиялық туризмді дамытуға, сондай-ақ Астана мен жалпы Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, осы мерекеде балаларға арналған родео, конкур және ұлттық ойындар бағдарламасы әзірленді.