Фестивальге еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейдің Саха Республикасынан келген 60-тан астам қымыз өндіруші қатысқан.
Бұл туралы BaiQymyz-2026 фестивалінің жоба авторы Жұмажан Қалтаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қазылар алқасының құрамына қымыздың тарихы мен емдік қасиетін зерттеп жүрген ғалымдар арнайы шақырылған. Олар ұлттық сусындарды дәмі, сапасы және табиғи құрамы бойынша бағалаған.
— Байқау үш номинация бойынша өтті: «BaiQymyz», «Ем қымыз» және «Халық таңдауы». «BaiQymyz» номинациясының жеңімпаздарын ғалымдар дәмі мен сапасына қарай анықтады. «Емдік қымыз» аталымында дәруменге бай, құрамы таза қымыздар іріктелді. Ал «Халық таңдауы» номинациясында өнімнің дәмін келушілер бағаласа, қазылар алқасы өндірушілердің маркетингтік жарнамаларына назар аударды. Бас жүлдеге автокөлік табысталды. Ал өзге номинациялардың жеңімпаздары ақшалай сыйлықпен марапатталды, — деді Жұмажан Қалтаев.
Фестивальдің бас жүлдесін Ақмола облысына қарасты Қымызынай ауылының тұрғыны Әлия Қабдулина жеңіп алды. Студия қонағы болған ол сол сәттегі әсерімен бөлісті.
— Әлі күнге дейін толқып тұрмын. Жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын. Барлығы сияқты жеңімпаздың есімін күтіп отырдым. Өз ауылымның атауы аталған сәтте ерекше қуандым. Сахнаға шыққандағы толқынысымды көпшілік те байқаған шығар. Бұл жеңіс — отбасымыздың ұзақ дайындықтарының жемісі. Дайындық барысында немерелерім: «Әже, көлікті біз алуымыз керек», — деп жиі айтатын. Олардың тілегі қабыл болды, — деді ол.
Әлия Қабдулина былтыр да осы фестивальге қатысып, үшінші орын алған екен. Содан кейін ол отбасымен бірге қымыз дайындау тәсілін қайта жетілдіріп, арнайы саба да жасатқан.
— Былыр қымызды үш күбіде ғана ашытатынбыз. Күбілердің өзі ата-енемізден қалған көне. Фестивальден кейін балам саба жасатуды қолға алды. Таза теріден жасалғандықтан, сабаны әзірлеу оңай болмады. Тек үшінші мәрте ғана талапқа сай шықты. Сабада ашытылған қымыздың дәмі күбідегі қымыздан мүлде бөлек екенін байқадық. Саба қымыздың жұмсақ әрі балғын дәмін ұзақ сақтайды. Ал күбіде ашытылған қымыздың дәмі ащы болып, уақыт өте келе ашып бастайды, — деді Әлия Қабдулина.
Жеңімпаздың айтуынша, ендігі мақсат — қол жеткізген деңгейден төмендемей, қымыздың сапасын одан әрі жетілдіру.
— Қымызнай ауылының атын кеңінен танытып, өнімімізді көпшілікке ұсынғымыз келеді. Әсіресе, жастардың күнделікті сусынына айналса екен дейміз. Себебі қымыздың шипасы мол, — деді ол.
Айта кетейік, Шетелдіктер Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалі туралы әсерімен бөлісті.