Фестиваль қонақтары Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Баекенов пен «Format» тобы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина және басқа да өнер иелерінің концертін тамашалап, қазақтың бірегей ат спорты түрлері жайлы мол мағлұмат ала алады.
Ат спорты бағдарламасы Астана қаласындағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде ASIA KOKPAR LEAGUE мен ER QANATY бірлесіп ұйымдастыруымен өтеді. Фестиваль қонақтарын қазақтың ат спорты мәдениетін, шабандоздардың шеберлігін және ұлттық спорттың көркемдігін паш ететін тартысты жарыстар мен ерекше көрсетілімдер күтеді.
Бағдарламада:
• ER QANATY жылқылар шеруі;
• ASIA KOKPAR LEAGUE ұйымдастыратын көкпар сайысы;
• Шөген ойыны;
• Ат үстіндегі Квиддич ойыны;
• Аударыспақ;
• Жекпе-жек аттарының көрсетілімі;
• Шабандоздардың өнері.
— Биылғы бағдарламада креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударылған. Фестиваль аясында алғаш рет Шөген ойыны мен ат үстіндегі Квиддич бірыңғай тұжырымдама аясында ұсынылады. Дәстүрлі ат спорты мәдениеті мен заманауи көрермендік форматтардың үйлесуі жастардың қызығушылығын арттырып, ат спортының танымалдылығын кеңейтуге, сондай-ақ ұлттық құндылықтардың бүгінгі заман талабына сай жаңа мазмұнда дамуына жол ашады, — дейді ұйымдастырушылар.
Ат спорты бағдарламасы фестивальдің негізгі алаңдарының біріне айналып, ұлттық мұраны, спортты, мәдениетті және отбасылық демалыстың заманауи үлгілерін тоғыстырады. Келушілер қазақтың бірегей ат спорты түрлерімен танысып, ұлттық мәдениеттің терең тамырын сезініп, дәстүр мен жаңашылдық үндескен ерекше шараның куәсі болады.
Айта кетсек, фестивальге қатысу үшін билет алу қажет. Келушілерге бір күнге немесе фестивальдің екі күніне бірден жарамды билеттер ұсынылады.
Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар іс-шараға тегін қатыса алады.
Бұған дейін фестивальде 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімін ұсынатынын жазғанбыз.