БАҚ беттерінде өз-өзіне қол жұмсау тәсілдерін жариялауға жол бермеу керек - Білім және ғылым министрлігі

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім және ғылым министрлігі БАҚ беттерінде өз-өзіне қол жұмсау тәсілдерін жариялауға ешқандай жол берілмеуі керек деп санайды.

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы барысында Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев мәлім етті.

«Белгілі психолог Роберт Чалдини кәмелетке толмағандар арасында өз- өзіне қол жұмсауға әсер ететін ең мықты психологиялық принциптердің бірі ретінде елікту, ұқсауға тырысу принципін айтады. Ең сорақысы Интернетте, мерзімді баспасөздерде өз-өзіне қол жұмсау әдістерінің барлығы тәптіштеп бейнеленіп, ұғынықты баяндалып жазылады. Ал балалар бұндайды оқып отырып, еліктеп, ақыр аяғы өлімге соғып жататын жайттардың басым бөлігін қолдануға болатын нұсқаулық секілді де қабылдай береді», - дейді С.Ырсалиев. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид проблемасымен мүдделі мемлекеттік органдар ғана айналыспаулары тиіс. «Сондықтан да, проблеманың өткірлігін, маңыздылығын ескере келе, барлық қоғамдық институттардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін жұмылдыра пайдаланған ләзім», - дейді С. Ырсалиев.