БАҚ: Финляндия премьері маусымда отставкаға кетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Финляндия Премьер-министрі Юрки Катайнен маусым айында отставкаға кетеді, деп хабарлайды Reuters.

Катайнен баспасөз мәслихатында Ұлттық коалициялық партия төрағасы қызметінің жаңа мерзіміне түсуден бас тартқандығын мәлім етті.

Бұл міндетті түрде елдің коалициялық үкіметі басшысы лауазымынан кетуі деген сөз. Премьер бұған қоса мамырда Еуропарламент, ал алдағы жылы Финляндия парламенті сайлауына түспейтіндігін де жеткізді.

Катайненнің сөзіне қарағанда, ол өз күшін халықаралық саясатта сынап көрмек.

«Мысалы, Еурокомиссия немесе оның құрамынан тыс арнайы міндеттерді орындау. Мені осы қызықтырады», деген премьердің сөзін келтіреді Reuters.

Ол Еурокомиссияның басшысы Жозе Мануэл Баррозудың орнына бірден-бір үміткер болып саналады. Еурокомиссияның жаңа төрағасын сайлау мамырда өтетін Еуропарламенттің жаңа құрамын сайлаудан кейін болады.

Катайнен он жыл бойы Ұлттық коалициялық партияға жетекшілік етіп келеді, ал министрлер кабинетін 2011 жылдан бері басқаруда.