БАҚ: Германия билігі ЕО иммигранттарын кедейлік бойынша жәрдемақыдан айырмақ

БЕРЛИН. 11 наурыз. ҚазАқпарат - Германия үкіметі Еуропалық одақтың бірқатар елдерінен келген иммигранттарды кедейлік бойынша жәрдемақыдан айыруды көздеп отыр, деп хабарлады Росбалт.

Бұл туралы ГФР еңбек министрлігіне сілтеме жасап Frankfurter Rundschau басылымы жазған.

Еуропаның оңтүстігіндегі жұмыссыздықтың өсуіне байланысты Германия билігі осылайша Еуропалық одақтың бірқатар елдерінен еңбек мигранттарының елге келіп қоныстануын қиындатуды көздеп отыр.  Грекиядан, Португалиядан, Испаниядан және Еуропалық одақтың басқа да елдерінен келген иммигранттар енді кедейлігі бойынша жәрдемақы алу құқығынан айырылатын болады. Еңбек министрлігі осындай шаралар арқылы Еуроодақтың барлық елдеріндегі азаматтардың құқықтарын теңдестірмекші.  

Бұдан бұрын Германияда 1953 жылғы еуропалық келісімнің күші әрекет еткен болатын, оған сәйкес Еуроодақтың 17 елінің азаматтарына кедейлік бойынша жәрдемақы беріліп келген болатын.

ГФР оппозициясы үкімет жоспарларын айыптады. Германия социал-демокаратиялық партиясының бундестагтағы фракциясы төрағасының орынбасары Эльке Фернер Еуроодақ елдерінен келген иммигранттар ГФР-ге қоныстанғаннан кейін мұндай жәрдемақы талап етіп отырған жоқ  деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ осы шараларымен үкімет 1953 жылға дейінгі тәртіпке қайта оралмақ деген кінә тақты.