БАҚ: Хованск зиратында төбелеске қатысқан 42 адам Ресейден шығарылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде Хованск зиратында төбелеске қатысқаны үшін ұсталған 50-ге жуық адам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Ресейден шығарылуы мүмкін, деп хабарлады РИА Новости құқық қорғау органдарындағы ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Елордалық ІІМ хабарлауынша, Мәскеудің Хованск зиратындағы төбелес сенбі күні орын алды. Оған шамамен 200 адам қатысты. Мәскеу денсаулық сақтау департаменті хабарлағандай, 3 адам қаза тапты, 23-і ауруханаға жатқызылды, төртеуінің жағдайы ауыр. Алдын ала ақпаратқа қарағанда дау зираттағы қызмет көрсету аумағы үшін таластан туындаған. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ақпарат көзінің сөзіне қарағанда, ұсталғандардың жартысы заңсыз жүргендер және құқық бұзушылар ретінде елден шығарылуы мүмкін.

«Қазір ұсталғандардың саны 110 адамнан асады. Олардың 12-сінде еш құжат жоқ. 30-ы көші-қон ережесін бұзған. Олардың барлығының қылмысқа қатыстылығы тексеріледі, кейін оларды елден шығару мәселесін қарастыру үшін іс сотқа жолданады», - деді РИА Новостидің ақпарат көзі.