Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының медиа заңнамасын реформалаудың келешегі» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысы барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбеков мәлім етті.
Сөз арасында комитет төрағасы былтырғы жылы министрлік тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеудегі әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған бірқатар өзгерістер жүзеге асқанын мәлім етті.
«Атап айтқанда, мерзімді баспасөзді есепке алу үдерістері оңайлатылып, есепке алу туралы өтінішті қарау мерзімі 15-тен 10 күнге азайтылды. Мерзімді баспасөзді есепке қоюға қатысты өтінішпен қоса берілетін құжаттар тізімі жойылды. Бұған қажетті ақпараттардың баршасы арнайы ақпараттық базалардан алынатын болды», - деді Б. Қалианбеков.
Оның айтуынша, бүгінгі күні сапалы отандық контентті дамыту бағытында заңнамаға салықтық преференция форматында ынталандыру нормаларын енгізу мүмкіндігі зерделенуде. «Бұл мәселе бойынша министрлік медиа-қауымдастықпен, мемлекеттік емес БАҚ-пен кеңестер жүргізу үстінде», - деді ол.