Бақ қала: Алматыға биіктігі 6 метрден асатын ірі көшеттер отырғызылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Былтыр мегаполисте 650 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызылды. Бұл туралы Алматыда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Шаһар басшысының айтуынша, 2025 жылы қалаға биіктігі 6 метрден асатын 27 мың ірі көшет отырғызылады. Сондай-ақ 1 миллионан астам жасыл желек автоматтандырылған жүйемен суарылады.
– Мемлекет басшысының «Алматы – бақ қала» мәртебесін жандандыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу бойынша жол картасы бекітілді. 2025 жылдан бастап көшет егу кезінде Алматы әкімдігі ірі көлемді көшеттерді жаппай қолданатын болады. Осылайша биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың көшет отырғызылады, – деді әкім.
Алматы қаласында жасыл желектерді қорғау және күту қағидаларымен суару жүйесін міндетті түрде жүргізу жөніндегі норма енгізілді.
2 жыл ішінде 500 шақырым автоматтандырылған суару және тамшылатып суару желілері орнатылды.2025 жылы тағы 290 шақырым осындай желілер орнатылады (сомасы 4,1 млрдтеңге).
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында қаланы көгалдандыру бойынша «Алматы – бақ қала» ауқымды акциясы өтті. Соның аясында, 7 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды, оның ішінде 4 015 жеміс ағашы, 1 090 жапырақты ағаш және 2 600 бұта бар.
Бұған дейін Сәтбаев көшесінің бойындағы қураған қылқан жапырақтыларды кесіп, орнына жаңасын отырғызылатыны туралы жазған едік.