БАҚ мерекесі: ҚазАқпарат атына құттықтаулар легі келіп түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің, сонымен бірге байланыс саласы мамандарының кәсіби мерекесі кеңінен атап өтілуде. Мерейлі мерекеге байланысты «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі атына жан-жақтан құттықтаулар легі келіп түсуде. Осы орайда құттықтау хаттарының бірқатарын жариялауды жөн көрдік.

Атап айтқанда, ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ҚазАқпарат ұжымына арнайы құттықтау хатын жолдады.

«Ұжымдарыңызды кәсіби мереке - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мәртебелі журналист мамандығы қашан да зор құрметке лайық. Оқырмандарыңызды ең маңызды әрі өзекті тақырыптар бойынша хабардар етіп, мемлекеттік органдардың жұмысын түсіндіре отырып, әлеуметтік-экономикалық міндеттердің оңтайлы шешілуіне, еліміздің дамуына және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға қолдау көрсетіп келесіздер. Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз, кәсіби істеріңіз бен ерен еңбектеріңіз елімізді одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», - деп жазды ҚР Премьер-Министрі.

Ал  ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми «ҚазАқпарат» ХАА Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде демократия құндылықтарының қарқынды дамуына зор үлес қосып отырғандығын атап өткен. «Ортақ жетістіктерімізді паш ететін және әділ сынды материалдар үшін алғысымды білдіремін. Олардың өзекті мәселелерді тиімді  шешуде берер көмегі зор, екіжақты байланысымыздың нығая түсетіндігіне кәміл сенімдімін», - деді Қ. Мәми.

Жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев біздің агенттіктің ұжымын арнайы құттықтады.

«Журналистер еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларындағы өркенді өзгерістерді насихаттап, мәселені орнымен қозғап, қоғамды алға жетелеу жолында еңбек етіп келеді. Биыл әсемпаз қала - Астанаға 20 жыл толып отыр. Елордамыздың дамуында баршаңыздың еңбегіңіз бар деп есептеймін. Сіздерді Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтаймын», - деді Ж. Түймебаев.

Өз кезегінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев елімізде болып жатқан электоралдық процестерді айқын түсіндіргені үшін «ҚазАқпарат» ұжымына ерекше алғысын жеткізді. Осы орайда ОСК төрағасы тілшілерге шығармашылық шабыт тілей отырып, жаңа жобалардың ойдағыдай жүзеге асуына тілектес екенін атап өтті.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов та өзінің ізгі лебізін арнап, хат жолдады.

«Сіздер бір ғасырға жуық тарихы бар, елімізде ғана емес, шетелдерде де миллиондаған оқырманы бар, әлемге бес тілде хабар тарататын Қазақстандағы басты ақпараттық агенттік ретінде белгілі болып отырсыздар. Елбасымыздың жасампаз идеяларының төңірегіне қоғамды топтастыруға, ұлтты ұйыстыруға зор үлес қосып келесіздер. Сіздер ең басты байлағымыз - Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін еңбек етіп жүрсіздер. Осы жолдағы еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін!», - дейді министр.

Мұнымен қоса, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев «ҚазАқпарат» дін мен азаматтық қоғам саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті елімізде спорттың дамуы бағытын айқандауда біздің ұжымның қосатын үлесі өлшеусіз екенін жазған.

«Сіздер атлеттер мен жанкүйерлерді байланыстырып, олардың спорттағы жеңісі мен жетістіктерінің негізгі жаршысы болып жүрсіздер. «ҚазАқпарат» спортты халыққа жақындатуда елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандағы олимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіріп, еңбектеріңізге табыс тілейміз!», - деді ҚР ҰОК ұжымы.

Бұдан бөлек, Агенттік атына Астана қаласының әкімдігі, қалалық басқармалардан және Ұлттық компаниялардан да құттықтаулар жолданды.