Хартия әрбір азаматтың сайлау құқын жүзеге асыруына мүмкіндік алу үшін БАҚ-тарды сайлау жұмыстарын, кандидаттар мен сайлау науқанының негізгі кезеңдері, дауыс беру рәсімі және басқа да мәселелер туралы кәсіби және шынайы ақпарат таратуға шақырады.
«Осыған байланысты біздер, Қазақстан журналистері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сайлауды көрсету кезінде бірқатар қағидаттарды ұстанатын боламыз. Атап айтқанда, ҚР заңнамаларын, журналистердің кәсіби этика нормалары мен мінез-құлық ережелері бұлжытпай сақталады. Сайлау тақырыбына арналған барлық материалдарды объективті, алалаусыз, ақпараттық тұрғыда беріп, депутаттыққа кандидаттарға қатысты әділ болуларына ықпал ететін боламыз. Кандидаттардың абыройы мен іскерлік беделіне, жеке басына нұқсан келтіруі ықтимал ақпараттарды таратуға жол берілмейді», - деді «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай.
Оның айтуынша, хартияға қол қоюшылар белгіленген тәртіп пен әлеуметтік сауалнама жүргізу шарттарын ұстанатын болады. Ал сауалнама жариялау кезінде аудиторияға берілген сауалнама жауаптары тек қана болжам екені ескертіледі. «Сауалнама нәтижелері туралы немесе саулауға бес күн бұрын және дауыс беру күнгі алдын ала қорытындылар туралы материалдарды таратпау. Жалпы Хартия өзара құрметке негізделген қарым-қатынас жүйесін құруды, барлық өзара ықпалдасушы тараптардың мүдделерін тану мен есепке алуды, сенімді және толық ақпаратқа сүйенген жоғары саяси мәдениетті қарастырады», - деді Б. Жексенбай.