18:30, 23 Сәуір 2009
БАҚ-та жаңа үлгілер пайда болғанымен, негізгі мазмұн өзгеріссіз қалып отыр
АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - БАҚ-та жаңа үлгілер пайда болғанымен, негізгі мазмұны еш өзгеріссіз қалып отыр. Бұл бүгін Алматыдағы 8-ші Еуразиялық медиафорумдағы «Қазіргі заманғы журналистикадағы шынайылық мәселесі» арнайы мәжілісінде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.1-ші арнадағы «Судите сами» ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі Максим Шевченконың айтуынша, әр адам өз отбасын, елін, дінін қорғайды. Сондықтан ақпараттық соғыс кезінде БАҚ өкілдерін айыптауға болмайды. «Бұл қалыпты құбылыс. Әрине, пікірсайыс та қажет. Барлық адамдар сияқты журналистер де бір-біріне ұқсамайды. Осы себепті алдағы уақытта да мұндай қақтығыстар кезінде соғыс әскер арасында ғана емес, ақпарат құралдары арасында да жалғасады», дейді М. Шевченко. Ал саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамның пайымдауынша, бұл алқалы жиын қоғамдағы олқылықты тағы да дәлелдеп отыр. «Онда үш тарап та - Грузия, Ресей және Батыс елдері Оңтүстік Осетиядағы қақтығысқа байланысты өз көзқарасын білдірді. Бұл жерде әділдік емес, патриоттық жеңіп кетті. Әркім өз пікірінде қалып, ортақ түйін жасалмады. Көрші болған соң әртүрлі жағдай болады. Бірақ ол мәңгілік емес. Жалаң патриоттықты қару сияқты пайдалануға болмайды. Бұл қазіргі журналистикадағы үлкен мәселе. Ол қоғамдық санаға ықпал етуде», дейді С. Құттықадам.