БАҚ-та жарияланған жемқорлық фактісі шенеуніктің отставкаға кетуіне негіз болуы тиіс - Н. Нығматулин
Бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сыбайлас жемқорлықтың әрбір фактісі шенеуніктің отставкаға кетуіне негіз болуы тиіс. Не болмаса жарияланған сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша екі жақ та сот алдында ар-ожданын қорғаулары тиіс. Бұл ретте ең алдымен партия мүшелеріне қатысты БАҚ-та жарияланған кез-келген фактіге баса назар аудару қажет етіледі. Біз осыған қол жеткізуіміз керек», деді Н. Нығматулин.
Сонымен бірге, партия Төрағасының орынбасары барлық нормативтік-құқықтық актілерді жемқорлыққа қарсы міндетті сараптамадан өткізу жайын да қозғады. Оның айтуынша, партия жанынан құрылған құқықтық саясат жөніндегі кеңес жемқорлықпен күрестің негізгі құралына айналып, заңдарға қатысты сараптама жүргізуді белсендіре түсуі керек. «Қандай да болса қабылданған шаралардың дұрыс орындалуын қадағалауды күшейткен кезде ғана ісіміз нәтижелі болмақ», деді Н. Нығматулин.