Қазақстанда журналистердің гендерлік құрамына қатысты нақты статистика жоқ. Бірақ зерттеулер әйелдердің саны көп болғанымен, басшылық қызметтерде олардың үлесі аз екенін көрсетеді. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде жүргізілген зерттеу студенттердің шамамен 71 пайызын қыздар құрайтынын көрсетті. Ал кейбір курстарда олардың саны ұлдардан бірнеше есе көп. Соған қарамастан, басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі төмен.
Мәселен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған зерттеулер жалпы жұмыспен қамтылған әйелдер саны көп болғанымен, жоғары лауазымдарда олардың үлесі аз екенін көрсетіп отыр. Бұл үрдіс медиа саласына да тән. Осы жерде бұған қандай факторлар әсер етеді деген сұрақ туындайды. Министрлік келтірген зерттеулердің бірі мұны тұрмыстық жүктемемен байланыстырады. Дерек бойынша, қазақстандық әйелдер үй шаруасына ер адамдардан үш есе көп уақыт жұмсайды. Ал әйелдердің 90%-дан астамы күн сайын кемінде бір сағат үй шаруасымен айналысады, олардың шамамен 80%-ы ақы төленбейтін үйдегі жұмысты негізгі қызметімен қатар алып жүреді.
Бұл тұжырымды «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары, журналист Нұрлыбек Рахманның пікірі де толықтыра түседі. Оның айтуынша, жұмыс ерекшелігі мен қоғамдағы қалыптасқан гендерлік рөлдер әйелдердің мансабындағы мүмкіндіктеріне әсер етпей қоймайды.
– Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Алдымен, басшылық қызмет атқару үшін жұмыс уақытынан тыс та жұмыс істеуі, жиі іссапарға шығып тұруы керек. Екіншіден, қоғамдағы қалыптасқан гендерлік рөлдер әйелдердің отбасы мен жұмысты қатар алып жүруіне қосымша салмақ түсіреді. Мәселен, баланы дүниеге әкелу, мектеп жасына дейін бағып-қағу әйел өмірінің бірнеше жылын алады. Егер балалар бірінен кейін бірі дүниеге келсе, бұл кезең одан да ұзара түседі. Осылайша, әйелдердің көп уақыты бала тәрбиесіне жұмсалады, ал бұл өз кезегінде мансабына да әсер етуі мүмкін, - деді сарапшы.
Мансап жолындағы көрінбейтін кедергілер
Алайда кей сарапшылар әйелдердің басшылық қызметке аз келуін тек тұрмыстық міндеттермен түсіндіруге болмайтынын айтады. Қоғамда қалыптасқан түсініктер мен редакция ішіндегі бейсаналы стереотиптер де өз әсерін тигізеді. Мәселен, Tilshi.kz сайтының жетекшісі, журналист Асқар Ақтілеудің пікірінше, мәселенің бір ұшы қоғамда қалыптасқан түсініктерге барып тіреледі.
– Меніңше, бұл жерде менталитет, миға сіңіп қалған түсінік себеп болуы мүмкін. Қазақ журналист қыз-келіншектер қанша жерден мықты, өжет болса да, әкімшілік жұмысқа келгенде тартыншақтанып қалатын сияқты. «Көш бастауды» «әдепсіздік» деп қабылдауы да ғажап емес. Мұндай түсінікті үйі де, қоғам да сіңіріп тастаған болуы мүмкін. Патриархал сипаты басым қоғамда ер азаматтар да солай болу керек деп ойлайтын шығар, - деді спикер.
Оның айтуынша, редакцияларда әйел қызметкерлерге қатысты ескі көзқарастар әлі де бар.
– Мен ұжымда көп жұмыс істеген жоқпын. Соның өзінде басшылар тарапынан байқағаным, «қыздар керек емес, ертең тұрмысқа шығады, дүниеге бала әкеледі, біздің жұмыста іссапар көп» дегенді жиі айтатын. Жұмысқа жігіт келсе, кәдімгідей қуанады. Телеарналарда операторларға дейін «қыз балаға штатив көтерте алмаймыз, жігіт болса, асай-мүсейімізді арқалап жүреді» дейтін әзіл-шыны аралас, - деді ол.
Дегенмен, Асқар Ақтілеудің пікірінше, редакцияны жақсы басқарып жүрген әйел журналистер де жоқ емес. Аз болса да, бар. Алайда жекелеген мысалдар гендерлік теңдік мәселесі толық шешілді дегенді білдірмейді. Бұл пікірді гендер мәселелерін зерттеп жүрген сарапшы Айгерім Құсайынқызы да қолдайды. Оның айтуынша, редакцияда немесе басшылық құрамда әйелдердің көп болуы ол медианы бірден гендерлік теңдікке ұмтылатын немесе гендерлік сезімтал медиа деп атауға негіз болмайды.
– Себебі топ-менеджментке жеткен әйелдердің өзі гендерлік тақырыптарды тұрақты түрде көтеріп жүр ме, әйелдердің көзқарасын жеткізуге мүмкіндік беріп отыр ма, әйелдер кемсітушілікке ұшыраған кезде олардың құқығын қорғайтын журналистік ұстаным көрсете ме деген сұрақтарды ең алдымен қоюымыз керек, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, басшылықтағы әйелдердің де редакциялық шешім қабылдауда белгілі бір шектеулері болуы мүмкін. Өйткені олар жарнама берушілердің мүддесін, аудитория сұранысын және редакцияның жалпы саясатын ескеруге мәжбүр болады.
Сондықтан, Гендерлік экономика және гендерлік теңдік мәселелері бойынша сарапшы, құқықтанушы Айгерім Құсайынқызының айтуынша, гендерлік теңдікті бағалағанда басшылықтағы әйелдердің санына емес, редакцияның ұстанымына, журналистік тәжірибесіне және мазмұндық саясатына назар аудару маңыздырақ.
Жаңалықтағы әйел бейнесі
Гендерлік теңсіздік редакция ішіндегі жағдаймен шектелмейді. Ол жаңалықтардың өзінен де байқалады. 2024 жылы жарияланған «Қазақстан газеттеріндегі гендерлік теңгерім: сыни мазмұндық талдау» зерттеуінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары 13 ірі басылымның 245 нөмірін талдаған.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қазақстандық газеттерде ер адамдар туралы материалдар көбірек жарияланады. Олар негізінен саясат, экономика, басқару сияқты қоғамдық маңызы жоғары салалардың өкілі ретінде көрінеді. Ал әйелдер негізінен мәдениет, шоу-бизнес және ойын-сауық тақырыптарында кездеседі.
Авторлар мәселе әйелдердің медиада қаншалықты жиі көрінетінінде емес, оларға қандай рөл берілетінінде екенін атап өтеді. Бұл дегеніміз, ақпарат құралдарында әйел тек жеке өмірі немесе сыртқы келбеті арқылы емес, кәсіби жетістігімен, сарапшылық пікірімен, басшылық қызметі мен қоғамдық белсенділігі арқылы да танылуы керек.
Зерттеуде көтерілген мәселелерді гендер тақырыбын зерттеп жүрген сарапшы Айгерім Құсайынқызының пікірі де қуаттайды.
– Егер сарапшы әйел болса, оның неше баланың анасы екені, біреудің жары екені немесе үлгілі келін екені жиі айтылады. Ал ер адам туралы сөз болғанда, әдетте оның ғылыми, кәсіби тәжірибесі мен жетістіктері алдыңғы қатарға шығады. Біз ер сарапшыны сипаттағанда оның жақсы күйеу немесе әке екенін ерекше атап өтпейміз. Тіпті мұндай сипаттама бізге оғаш көрінуі мүмкін. Сондықтан журналист әйел адамды сипаттағанда оның жасына, ана екеніне, тұрмыстық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне емес, ең алдымен кәсіби біліктілігіне назар аударуы керек. Өйткені гендерлік дискриминация көбіне дәл осы тұстан басталады, - дейді маман.
Спикер гендерлік стереотиптер сарапшыларды таңдаудан да көрінетінін атап өтті. Оның сөзінше, құрылыс, технология немесе инженерия туралы сөз болса, көп жағдайда сарапшы ретінде ер адам, ал білім беру, тәрбие немесе әлеуметтік мәселелер көтерілсе, әйел мамандарға жүгіну қалыпты көрінеді.
– Бұл да гендерлік стереотиптердің ықпалы. Редакторлар мен журналистер өздеріне «Неліктен бұл тақырып бойынша міндетті түрде ер адамнан пікір алып отырмын?», «Бұл саладағы әйел сарапшыларды неге қарастырмадым?» деген сұрақтарды жиі қоя бермейді, - деді Айгерім Құсайынқызы.
Демек, медиадағы гендерлік теңсіздік әйелдердің ақпараттық кеңістікте мүлде көрінбеуінен емес, олардың қандай рөлде көрінетінінен байқалады. Әйелдердің дауысы естілгенімен, олардың кәсіби беделі, сарапшылық пікірі мен қоғамдық салмағы әр тақырыпта бірдей деңгейде ұсыныла бермейді.
Медиадағы гендерлік теңдік қалай өлшенеді
Десе де, кейбір сарапшылар соңғы жылдары қазақстандық медиадағы әйел бейнесі өзгеріп келе жатқанын айтады. Мәселен, «Гендерлік стереотиптердің трансформациялану үрдістері: Қазақстанның қазіргі медиакеңістігіндегі әйел бейнесі» атты зерттеуде ғалымдар 2016 және 2022 жылдары Қазақстандағы 11 онлайн басылымда жарияланған материалдарды салыстырмалы түрде талдаған.
Бұл зерттеу қазақстандық медиада әйел бейнесі біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Егер бұрын әйелдер көбіне отбасы, тұрмыс немесе жеке өмір тақырыптары аясында көрінсе, кейінгі жылдары олардың кәсіби рөліне де көбірек назар аударыла бастаған. Әйелдер кәсіпкер, сарапшы, маман және қоғам белсендісі ретінде жиірек көрінеді.
Сонымен қатар, зерттеу авторлары гендерлік стереотиптердің әлі де сақталып отырғанына назар аударады. Кейбір материалдарда әйелдің сыртқы келбетіне немесе отбасылық жағдайына көбірек мән берілсе, ер адамдар көбіне кәсіби жетістігі мен қоғамдық қызметі арқылы сипатталады.
Бұл үрдіс гендерлік теңдік мәселесінің тек контентке ғана емес, редакциялық ұстанымға да тікелей байланысты екенін көрсетеді. Гендер мәселелерін зерттеп жүрген сарапшы Айгерім Құсайынқызының пікірінше, Қазақстанда гендерлік теңдік ұғымының өзін үстірт түсіну әлі де жиі кездеседі.
– Өкінішке қарай, Қазақстанда көп жыл бойы редакторлардың көпшілігі гендерлік теңдік ұғымының өзін толық түсінбей келді. Гендерлік теңдікке құқықтық-нормативтік актілерде қандай анықтама берілгенін, оған қалай қол жеткізуге болатынын, қандай индикаторларға назар аудару керектігін білмей жататын жағдайлар кездеседі, - деді медиа сарапшы.
Ол халықаралық медиалар бұл мәселеге нақты өлшемдер арқылы қарайтынын атап өтті.
– Халықаралық медиаларда гендерлік теңдікті бағалаудың нақты индикаторлары қалыптасқан. Мәселен, BBC редакциялық саясатында әйелдер мен ерлердің жалақысы арасындағы алшақтықты азайту, жаңалықтарда әйел сарапшылардың үлесін арттыру, экрандағы ер және әйел журналистердің эфир уақытын теңгерімді ұсыну сияқты көрсеткіштерге назар аударылады. Кейбір редакциялар белгілі бір тақырыптарда пікір білдіретін сарапшылардың кемінде 30 пайызы әйел болуын талап етеді, - деді спикер.
Сарапшы гендерлік теңдікті санмен емес, нәтиже арқылы бағалау керек дейді.
– Ал шын мәнінде гендерлік теңдік мақалалардағы әйелдердің санымен өлшенбейді. Гендерлік теңдік – сіздің материалыңыз қоғамды бір қадам болса да теңдікке жақындата алды ма, қандай мәселені көтерді, қандай зерттеуді көрсетті, қандай өзгеріске ықпал етті деген сұрақтармен өлшенеді, - деп түйіндеді сөзін.
Қорыта айтқанда, зерттеулер де, сарапшылардың пікірі де бір ортақ тұжырымға жетелейді. Қазақстан медиасында әйелдердің саны аз емес, олардың қоғамдық өмірде көрінуі де артып келеді. Алайда гендерлік теңдік редакциядағы әйелдердің үлесімен немесе әйелдер туралы жарияланған материалдардың санымен өлшенбейді. Ол кімнің шешім қабылдайтынынан, кімнің пікірі сарапшылық деңгейде ескерілетінінен және әйелдің медиада қандай рөлде көрініс табатынынан байқалады. Сондықтан гендерлік теңдік, ең алдымен, редакциялық мәдениеттен, журналистік ұстанымнан және шешім қабылдау тәжірибесінен көрінуі тиіс.