БАҚ тарататын бірқатар ақпараттарға тыйым салынатын болады - Парламент

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бұқаралық ақпарат құралдарында балаларға зиянын тигізетін бірқатар ақпараттарды таратуға шектеу қойылып, тыйым салынады.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.

«Әлем елдерінің бір-біріне ашықтығы, телекоммуникация желілерінің барынша ашықтығы, ақпарат алмасудағы мүмкіндіктердің молаюы рухани кеңістіктің тазалығы туралы ойландыра бастады. Кейбір ағымдардың ақпаратты ұлттық дәстүрге қарсы бағыттауы, қоғамға жат іс-әрекеттер ашық және жасырын насихаттауға көшуі, балалар арасында суицид, қатыгездік, елдік мұраттар мен құндылықтарды жатсыну секілді жағымсыз қылықтардың байқалуы алаңдатпай қоймайды. Соған орай, елімізде балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңның керектігіне көз жеткіздік», - дейді депутат Алдан Смайыл.

Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеуде әлемдік тәжірибелер жіті зерделеніп, заңнамаға жаңа құқықтық ұғымдар енгізіліп отыр. Оның айтуынша, балалар арасындағы жас топтарына қандай ақпараттық өнімдер таратуға тыйым салынатындығы және шек қойылатындығы айқындалды. Бұл үшін балаларға арналған өнімдердің жас сыныптамасы, жас санаты ұғымдары енгізілген.

«Жалпы алғанда заң жобасы бойынша қатыгездік пен зорлық- зомбылыққа құрылған, балалар өміріне қатыгездіктер төндіретін іс әрекетке, суицидке итермелейтін, порнографиялық және анайы сексуалдық сипаттағы көріністерді қамтитын, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылып отыр. Мұнымен қоса, отбасы институтын жоққа шығаратын, ұлттық дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттар да балаларға зиянды деп танылған. Телеарналар осы талапқа сай келетін өнімді, соған сәйкестірілген таңбамен белгілеп қана эфирге таратуға тиіс. Керісінше жағдайларда, оларға заңмен шара қолданылады», - дейді А. Смайыл. Оның айтуынша, заң жобасында алғаш рет балаларға арналған ақпараттық өнімге анықтама беріліп отыр. Мұндай ақпараттық өнім бағыты, мазмұны, тақырыбы, безендірілуі бойынша балаларға тікелей арналған өнім болып табылады.