БАҚ: Ұлыбритания Трампқа айрықша салтанатты құрмет көрсетті

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияға мемлекеттік сапары аясында Виндзор қамалында өткен салтанатты банкетке қатысты. Шараға король ІІІ Карл мен Уэльс ханшайымы Кэтрин де келіп, Трампқа ең жоғары деңгейдегі құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Euronews.

Британдық БАҚ бұл банкетті ел тарихындағы ең ауқымды мемлекеттік қабылдаулардың бірі деп бағалады. Өз сөзінде Дональд Трамп АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы «баға жетпес әрі мәңгілік одақты» атап өтіп, екі рет мемлекеттік сапарға шақырылған алғашқы америкалық президент әрі сайланған саясаткер болғанын «ең жоғары мәртебе» деп атады.

Король ІІІ Карл АҚШ президентіне әлемдегі қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған «жеке үлесі үшін» алғыс білдірді.

«Біздің елдеріміз күрделі дағдарыстарды шешуге және бейбітшілік орнатуға бірге атсалысып келеді. Бұл, ең алдымен, сіздің жеке ынталылығыңыздың арқасында жүзеге асуда», – деді монарх.

Ол сонымен қатар Украинаға қолдау көрсету мәселесін де көтерді.

Карлдың сүйікті тақырыбы – экология да назардан тыс қалған жоқ. Монарх табиғатты келер ұрпақ үшін сақтау қажеттігін айтты.

Ал Дональд Трамп қазба отынына бейілдігіне қарамастан, корольдің «өзендерді қалпына келтіру және ағаш отырғызу» бастамаларын жоғары бағалады.

Салтанатты банкетке шамамен 150 қонақ шақырылды. Олардың арасында Apple жетекшісі Тим Кук, Google DeepMind басшысы Демис Хассабис, OpenAI атқарушы директоры Сэм Альтман, сондай-ақ AstraZeneca компаниясының бас директоры Паскаль Сорио болды.

Ұлыбританияға келген америкалық бизнес алыптары – Microsoft, Nvidia, Google және OpenAI алдағы жылдары жасанды интеллект, кванттық есептеулер және азаматтық атом энергетикасы саласына 31 млрд фунт стерлинг (шамамен 42 млрд доллар) көлемінде инвестиция салатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Google Ұлыбританияға 5 млрд фунт стерлинг инвестиция салатыны хабарланған.