Бақыт Досымовтың кітабы жарық көрді

Фото: Ерлан Омаров

АСТАНА. KAZINFORM – Балалар жазушысы, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Бақыт Досымовтың(1959-1998) «Мейірбектің көгершіні» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазақ әдебиеті тарихында Бернияз Күлеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Саттар Ерубаев, Ғани Мұратбаев, Төлеген Айбергенов және т.б. өмірден ерте озған ақын, публицист, жазушылар шоғыры бар. Осынау шоғырдың ішінде 39 жасында бақиға сапар шеккен Бақыт Досымовтың да есімі жиі аталады.

Фото: Шүкір Шахай

Бақыт Досымов – әдебиетке ерт келген қаламгер. Ол оқушы кезінде-ақ «Қазақстан пионері» («Ұлан») газеті арқылы тырнақалды мақалалары, әңгімелерімен танымал болды. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқи жүріп, еңбекке араласты. 1984-1998 жылдары Қазақ радиосының Балалар мен жастар редакциясында тілші, Балалар мен жастар редакциясының бас редакторы болды. Сол кезеңде балалар мен жасөспірімдерге арналған бірқатар танымдық, студенттер мен жастардың өміріне қатысты тағылымдық бағдарламаларды дүниеге әкелді. Балаларға арналған әңгімелері, ұлттық мәселелерге қатысты мақалалары «Жас Алаш», «Ана тілі», «Өркен», «Ұлан» газеттерінде, «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ» журналдарында жарияланып, бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу құралдарына енді. 

Жазушы өмірден озған соң 2000 жылы «Мейірбектің көгершіні» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді. Арамызда жүргенде ол биыл 65 жасқа толар еді.

Фото: Ерлан Омаров

Өмірден өтсе де, шынайы қаламгер ешқашан ұмытылмайды. «Өзі өмірден өткен соң, араға көп жыл салып кітабы жарық көрген жазушы – нағыз жазушы» деген де сөз бар.

«Атамұра» корпорациясының президенті, баспагер-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің демеушілігімен Бақыт Досымовтың «Мейірбектің көгершіні» атты кітабы 500 данамен қайта жарық көрді. Кітапқа жазушының ірілі-ұсақты 23 әңгімесі енген. Бұл әңгімелердің барлығы кезінде жас оқырмандардың жүрегінен орын алған.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Болат Үсенбаев кітапқа жазған алғысөзінде «Бақыт – балалар әдебиетінің қоржынына олжа салған қаламгер. Жазушы өзі өмір сүрген дәуірге ғана емес, болашаққа да қызмет етеді» деген екен. Шынында да, Бақыт Досымов шығармаларының екінші өмірі басталып кеткен сияқты.